Биыл Маңғыстау облысындағы барлық мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы 1-4 сыныптың 72 229 оқушысы тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ 5-11 сыныптың аз қамтылған отбасыдан шыққан 17 000 оқушысы бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтылады, деп хабарлайды Mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева ның айтуынша, әр мектеп басшылығы асханалардың жағдайы мен тамақтандыру кестелерін ретке келтіруде. Сондай-ақ биыл 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау 1 сәуірден 1 тамызға дейінгі аралықта жүзеге асырылды.
- Орта есеппен алғанда бүгінге дейін 20 мың оқушы бірінші сыныпқа өтініш қалдырды. Оның ішінде, 19 820 оқушы бірінші сыныпқа қабылданды. Қыркүйектің алғашқы күндеріне дейін басқа өңірден көшіп келген жандар, денсаулығына байланысты құжат тапсыруға кешіккен ата-аналар қосымша ақпарат алып, мектепке құжаттарын тапсыра алады,- деді Гүлмира Мамаева.
Жаңа оқу жылында білім саласында 599 ұйым өз жұмысын бастайды. Атап айтқанда, 356 балабақша, 193 мектеп, 25 колледж, 11 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымы, 12 арнайы білім беру ұйымы, 2 интернаттық ұйым. Сонымен қатар облыс көлемінде 10 жекеменшік мектеп ашылуы жоспарланған.
Брифинг барысында спикер мектеп құрылыстарындағы жөндеу жұмыстары туралы да айтып өтті.
Қазіргі таңда 4800 орындық 4 мектептің құрылысы, 625 орындық 3 мектептің қосымша құрылысы жүргізілу үстінде. Бұл мектептер келесі жылы пайдалануға беріледі. Биыл 25 мектепке ағымдағы жөндеу, 1 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілуде. «Қазақстан халқына» қоры есебінен 1 мектеп толық материалдық базамен қамтамасыз етілді. Жаңа оқу жылында 2 мектеп қамтылатын болады. Атап айтқанда, Қарақия ауданы №6 мектеп, Маңғыстау ауданы Н.Жұбаев мектебі. Сонымен қатар жылдың соңына дейін Жаңаөзен қаласының 8 мектебі робототехника кабинеттерімен жабдықталады,- деді Гүлмира Мамаева.
Сондай-ақ, өңірімізде 24-25 тамыз күндері «Әділетті Қазақстан. Сапалы білім. Адал ұрпақ. Табысты ұлт» тақырыбында республикалық кеңес өтеді. Тамыз кеңесіне еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ге жуық педагог пен білім саласы қызметкерлері келіп бас қосады. Осы күндері бірыңғай республикалық панельдік секция, 4 секциялық отырыс, кездесулер, облыстың мектептеріне экскурсиялар өткізілмек.