Көлік инспекциясының шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету дайындығы туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Ведомтсво басшысының айтуынша, шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануды бақылау және қадағалауды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің аумақтық көліктік бақылау инспекциялары жүзеге асырады. Өткен жылғы навигацияда шағын көлемді кемелерге 3 061 тексеру жүргізілді, қорытындысы бойынша 795 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 6 млн 231 мың теңге сомасына айыппұл салынды.
«Сонымен қатар тағы проблемалық мәселелердің бірі – өңірлерде ұсталған кемелерге арнайы алаңдардың немесе сақтауға арналған тұрақтардың болмауы. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес аталған алаңдарды құру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатқызылған», — деді Марат Қарабаев.
Осы мәселе бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірнеше рет әкімдіктерге жүгініп, бірқатар өңірде автотұрақтар құрылған.
«Алайда бүгінгі таңда Қарағанды, Алматы, Абай, Жетісу, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарының негізгі су айдындарында ұсталған кемелерді сақтау үшін айыппұл тұрағын құру қажет. Бұл бойынша тиісті жұмыстарды жергілікті атқарушы органдармен атқарамыз», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.