Маңғыстау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 2024 жылдың 3 айында тұтынушыларға 13 375 549 теңге қайтарған.
Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Рауан Мұхаев айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, тұтынушы сатып алған сапасыз тауарын оны күнтізбелік 14 күн ішінде сатушыға қайтаруға құқығы бар. Сатушы қайта қабылдамайтын тауарлар тізіміне жан-жануарлар, телефондар, дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен өлшенетін заттар жатады.
- Оған қоса,«Wildberries», «Kaspi.kz», «Aliexpress», «Ozon» электрондық сауда алаңдары бойынша тұтынушылар құқығына байланысты өтініштер келіп түсті. Қазіргі таңда тұтынушылардың өтініштері қанағаттандырылып, сұрақтары шешімін тауып жатыр. Тұтынушының автосалоннан сатып алған автокөлігі зауыттан шыққан күйінде ақау табылуына байланысты, сот арқылы қайтару туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде өндіруші зауыт пен тұтынушының арасында медиативтік келісім-шарт жасақталып, автокөлікке төленген қаржы тұтынушыға қайтарып берілді. Тұтынушының сатып алған алтын сағатының сапасыз болуына байланысты берген арызы қанағаттандырылып, тиісті қаражат қайтарылды. Сондай-ақ әшекей бұйымдарын сатып алуға кеткен қаражат тұтынушының пайдасына шешілді, - деді Рауан Мұхаев.
Сондай-ақ, спикер «Сапалы өнім» жобасы аясында мемлекеттік органдар және жергілікті өндірушілердің қатысуымен дөңгелек үстел өткізілгенін тілге тиек етті. Жиын барысында кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріліп, жоба туралы толық таныстырылды.
Сонымен қатар, брифинг барысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөнінде айтылып өтті. «Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы» ҚБ төрағасы Никар Рафикованың мәліметінше, биыл 1 тоқсан бойынша қоғамдық бірлестікке 82 өтініш келіп түскен.
- Бүгінгі таңда, тұтынушылар құқығын қорғау саласы еліміздегі ең өзекті бағыттардың бірі. Оның негізгі себебі, азаматтардың өз құқықтары мен заңды білмеуі, тараптардың шиеленістерді шешудегі қиындықтары, тұтынушылардың дауларды шешу кезінде әрекет алгоритмін білмеуі дер едім. Сауатты тұтынушы ғана құқығының бұзылуына жол бермейді. Сондай-ақ өзінің наразылығын уәкілетті органдарға, қоғамдық бірлестіктерге хабарласып, жеткізу арқылы және сот арқылы құқықтық мүдделерінің қорғалатынына сенімді болу керек. Заң бойынша ең бірінші кезекте ауызша айтылған наразылығы сатушылар тарапынан шешіледі. Бұл мүмкін болмаған жағдайда наразылығын компания басшыларына жазбаша жеткізу қажет,- деді Никар Рафикова.