© фото inform.kz
Маңғыстау облыстық стоматологиялық орталығы өткен жылғы жұмысын қорытындылап, биылғы жылғы жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды mangystaumedia.
2022 жылы емдеу мекемесінің мамандары Маңғыстау облысында 132 198 мыңға жуық қабылдау жүргізген. Халыққа стоматологиялық көмекті 52 тіс дәрігері және 48 орта медицина қызметкері көрсетті. Оның 18-і жоғары санатты мамандар.
Стоматологиялық орталықтың директоры Қуат Машырықов мекеме қызметінің негізгі бағыттарының бірі – сапалы стоматологиялық көмек көрсету екенін атады. Оның айтуынша, кадрлық әлеуетті сақтау және дамыту, әсіресе дәрігерлердің кәсіби деңгейін арттыру бойынша маңызды шаралар қолға алынған.
"Біз тіс ауруларын анықтау және алдын-алу бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Дәрігерлер үнемі өздерінің кәсіби біліктілігін арттырып, жаңа әдістерді енгізуде, протездеудің бірнеше түрі кеңінен қолданылуда. Өткен жылы 10 жас маман жұмысқа қабылданды. Атқарылып жатқан барлық іс-шаралар облыс тұрғындарына көрсетілетін стоматологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға және сапаны жақсартуға бағытталған», - деді ол.
2021 жылы дәрігерлердің қабылдауына 74 847 адам жазылса, өткен 2022 жылы бұл көрсеткіш 74 545 адамды құрады. 2021 жылы 112 адамға уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілсе, өткен жылы 133 адам осындай анықтама алған. Сондай-ақ, 2021 жылы 2 291 адам жұмысқа кіріскен кезде алдын-ала медициналық тексеруден өтсе, 2022 жылы 3 223 адам осы қызмет түрін алған. Өңірдегі цифрландыру бойынша ұйымдастырушылық, әдістемелік, консультативтік көмек көрсету мақсатында облыстың 8 медициналық ұйымына бару ұйымдастырылды.
Тіс дәрігерлерімен қамтамасыз ету Ақтау және Жаңаөзен қалаларында 100%, Маңғыстау және Түпқараған аудандарында 50%, Бейнеу және Мұнайлы аудандарында 40%, Қарақия ауданында 38% құрайды. Баяндамада ерін мен таңдайдың туа біткен жырығы бар балалардың туу көрсеткіші де атап өтілді. Бүгінгі таңда осындай диагнозбен 297 бала диспансерлік есепте тұр. 2022 жылы 49 нәресте туа біткен кемістікпен дүниеге келген.
Биылғы жоспарда сапалы стоматологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету, қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру, жаңа технологияларға оқыту және оларды енгізу, мекеменің медициналық менеджментін дамыту, медициналық қызметтерді жоғары стандарттарға сәйкес көрсету, ішкі сапа мен қауіпсіздікті тұрақты бақылау жалғаспақ.