"KazPetroDrilling" акционерлік қоғамы 2026 жылы Маңғыстау облысында "Құбыр өнімдерін шығаратын зауыт" жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Маңғыстау облысының әкімдігі мен "KazPetroDrilling" компаниясы Маңғыстауда құбыр өнімдерін шығаратын зауыт салу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаға тартылатын инвестиция көлемі 200 млрд теңгеден асады. Бұл жобаны іске асыру 550-ден астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, құрылыс кезеңінде 400 уақытша жұмыс орны құрылады.
Жаңа зауыттың құрылысы 2026 жылы аяқталып, іске қосылады деп күтілуде.
Жоба Құрық ауылының маңында орналасатын болады. Пайдалануға берілгеннен кейін шығарылым көлемі жыл сайын 250 мың тоннаға дейін дайын өнімді құрайды (насостық компрессорлық құбырлар мен желілік құбырлар).
Құбыр өнімдерінің жабдықтары Германияда және Бельгияда өндірілетін болады. Бұл жобаны іске асыру импортқа, жергілікті өндірісті дамытуға ықпал етеді.
Жиында Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев облыс инвесторлардың бастамаларын қолдауға әрқашан дайын екенін атап өтті.
- Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, экономиканың өсуі мен әртараптандырылуына қол жеткізудің негізгі факторларының бірі инвестициялар тарту және индустрияны дамыту болып табылады. Соңғы бес жылда өңірге 4,0 млрд. доллар тікелей шетелдік инвестициялар құйылды. Трансұлттық компаниялардың қатысуымен түрлі салаларда жобалар сәтті жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда өңірде "Қаламқас-теңіз", Хазар және Әуезов кен орындарын игеру, Svevind компаниясының “Жасыл сутегі өндіру зауытын салу” және тағы басқа да ауқымды жобалары іске асырылуда. Бүгінде өңірде тағы бір маңызды жоба – Маңғыстау облысында құбыр өнімдерін шығаратын зауыт салу жоспарлануда, - деді Жұмабай Қарағаев.