Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе ауылының тұрғыны төрт баланың анасы «Бастау бизнес» жобасы бойынша білім алып, шағын тігін цехын ашты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Бағила Кубегенова бұрын еш жерде жұмыс істемеген. Өзін толығымен бала тәрбиесіне арнаған.
-Маған мен кіммін, не істеп жүрмін, міндетім ас ішіп, аяқ босату ғана ма деген ойлар келе бастады. Мүмкін өмірді одан да үлкен мағынаға толтыратын, өзін ана мен үй иесі ретінде ғана емес, сонымен қатар табысты маман ретінде жүзеге асыратын кез келді. Сонымен қатар, бастайтын ісім балаларымның болашағы баянды болуына септігін тигізеді деп ойладым, дейді Бағила Кубегенова.
Осыдан үш жыл бұрын Бағила «Бастау бизнес» курсына баруды шешіп, кейін өзінің тігін шеберханасын ашты. Қызығушылығы мен икемділігінің арқасында тез үйреніп алды.
-Бүгінгі таңда құраққа, яғни мата кесінділерінен тұтас бұйым тігетін қолөнер түріне аса мән берілмейді. Бірақ бұл ұрпақтан-ұрпаққа, анадан балаға, немереге жалғасып келе жатқан нағыз өнер, халық өнері, – дейді Бағила Кубегенова.
Аз уақытта халықтың сұранысы бойынша құрақ көрпе, төсек, жастық, қыз жасауларына, т.б. тігін түрлеріне үйден тапсырыс қабылдай бастады.
-Құрақ құрау ертеден келе жатқан қолөнердің бір түрі. Құрақтың түрлері өте көп. Құрақ өнерінде әр қилы наным-сенімнің негізі жатыр. Құрақты бұрынғы әжелеріміз, аналарымыз, басы құралсын, мал-жаны құралсын, мата қалдықтары ысырап болмасын деген ниетте құраған және әр құраққа ерекше мән берген. Мысалы, үшбұрышты мына құрақ «Қаз-тырна» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, қаздар бір бағытта ұшады. Ол дегеніміз отбасындағы ата-ене, бала-келін бір көзқараста, әр жаққа тартпай, ауызбіршілікте болсын деген мағынада. Яғни бірігуді бейнелейді. «Құдық» құрақ - түпсіз терең білімді болсын, ауыздары бір болсын, сырды сақтай білу деген мағына береді, дейді тігінші.
Бүгінде тігінші тәжірибе алмасып, білімін жетілдіру үшін ұлттық салт-дәстүрді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған түрлі байқауларға, форум, тренингтерге қатысып жүр. Бағила Несіпбайқызы тігінге аяқ асты келген жоқпын дейді. Шама келсе тігін тіккен уақытта жаман сөз, суық хабар айтпауға тырысады. Үш жылдың ішінде жеткен жетістіктері де аз емес. Тек қана құрақ, тігін өнері емес, қазір қой, түйе, ешкі жүнімен жұмыс жасау, жергілікті өнімді пайдаға асыру жөнінде қолға алынып жатқан жобалардың басы-қасында жүр. «Бір ауыл, бір өнім» пилоттық жобасының Мұнайлы ауданы бойынша лидері. Жобаның мақсаты - жұмыссыз отырған қыз-келіншектерді кәсіпке баулу.