21 маусым күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен 23 маусым – Қазақстан полициясының құрылған күніне арналған мерекелік іс-шара өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекелік шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, полиция департаментінің жеке құрамы, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері мен басшылары қатысты.
Іс-шара қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полицейлердің құрметіне арналған монументке гүл шоқтарын қойып, еске алумен басталды.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Игілікұлы полиция қызметкерлерін мерекемен құттықтап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлестері үшін “Құрмет грамотасы” және Алғыс хаттармен марапаттады.
- Полиция қызметкерлерінің жаратылысында батылдық, мейірімділік, Отанға сүйіспеншілік, патриоттық сезім деген қасиеттер бірдей ұштасқан. Қарапайым адамға қызметтеріңіз байқалмауы мүмкін. Қоғам болған соң түрлі жағдай орын алады. Сол сәтте қиындыққа тап болған әрбір адам дәрігер, өрт сөндіруші және сіздердің көмектеріңізге жүгінеді. Соның бәріне шыдамдылық танытып, қызмет барысында қауіп-қатерге басын тігіп жүрген азаматтарға алғыс білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, халыққа қызмет ету жолындағы адал еңбектеріңізге сәттілік тілеймін!, - деді облыс әкімі.
Салтанатты жиында Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов адал қызметімен көзге түскен полиция қызметкерлеріне мерзімінен бұрын берілген арнайы атақ, төсбелгі мен алғыс хат табыстады.