
© қала әкімдігінің баспасөз қызметі
Өмірзақта ауыл әкімінің есеп беру кездесуі өтті. Жиында ауылға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ тұрғындар жеке мәселелері бойынша сұрақтарын қойды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге Ақтау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұртас Сали, Өмірзақ ауылының әкімі Бисенғали Кенжалиев, бөлім басшылары және ауыл тұрғындары қатысты. Өмірзақ ауылының әкімі Бисенғали Кенжалиев ауылда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Соның бірі «Рауан» тұрғын үй массивіндегі мектеп құрылысы. Онда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 300 орындық мектеп салынуда. Осыған дейін аталған тұрғын үй массивінде тұратын балалар Өмірзақ ауылына қатынап оқыған.
- «Рауан» тұрғын үй массивінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 300 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Ал ауылдағы №27 мектеп бала санының азаюына байланысты шағын жинақталған мектеп болады. Аталған мектеп жанынан мәдениет үйін ашу мәселесін де қарастырып отырмыз. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында «Ақжелкен» тұрғын үй массивінде 2 футбол алаңы және «Оймаша» тұрғын үй массивінде 1 футбол алаңы салынды. Жыл аяғына дейін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қолдауымен ауылымыздан қосымша тағы да 2 футбол, 2 воркаут және 2 балалар ойын алаңын салу жоспарланып отыр, - деді Өмірзақ ауылының әкімі Бисенғали Кенжалиев.
Ақтау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұртас Сали «Рауан» тұрғын үй массивіндегі мектеп құрылысы тәулік бойы жүргізіліп жатқанын айтты.
- Ақтау қаласында «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 8 мектеп салу жоспарланды. Оның алтауының құрылысы жүргізілуде. Мектеп құрылысын жеделдету мақсатында құрылыс жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Құрылысы жүргізіліп отырған мектептердің уақытша басшылары тағайындалды. Олар мектепте жұмыс істейтін ұжымды қалыптастыруда. Бұл мектепте бала саны азайғанымен, мұғалімдер жұмыссыз қалмайды, - деді Нұртас Сали.
Кездесу сұрақ-жауап форматында өтті. Шарада «Рауан» тұрғын үй массивінің тұрғыны жаяу жүргіншілер жолы, жол белгілері мен тротуар салып беруді сұрады.
- Рауан тұрғын үй массивіне жол салынды. Енді бізге тротуар, жаяу жүргіншілер жолы және жол белгілері қажет. Осы мәселені назарға алуларыңызды сұраймын, - деді Рауан тұрғын үй массивінің тұрғыны Баян Үмбетова.
Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұхан аталған тұрғын үй массивінің автокөлік жолдарын салу жобасында барлығы қарастырылғанын айтты.
- «Рауан елді мекенінің автокөлік жолдарын салу 2-кезеңі» жобасы жасақталды. Бұл жобада тротуар, жаяу жүргіншілер жолы және жол белгілері қарастырылған. Қазіргі таңда жоба сараптаманың оң қорытындысын алды. Тиісті қаражат бөлінгеннен кейін құрылыс жұмыстары басталады, - деді Асхат Нұрмұхан.