Өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың басшылығымен өткен аппараттық кеңесте кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде инновациялық бизнес-идеялар үшін мемлекеттік гранттар беру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы ұлттық жоба шеңберінде шағын және орта бизнесті қолдау бойынша мемлекеттік шараларды іске асыруда. Оның маңызды бөліктерінің бірі-жаңа бизнес-идеялар үшін мемлекеттік гранттар беру.
- Халық пен кәсіпкерлер арасында мемлекеттік гранттарға деген қызығушылық артып келеді. Мысалы, 2021 жылы 161 өтінім келіп түсті, оның 62-сі конкурстық комиссияның қарауына берілді. 2023 жылы бұл көрсеткіш айтарлықтай өсіп, 881 өтінімді құрады. Оның 589-ы конкурстық комиссияның қарауына жіберілді. Бұл кәсіпкерлер тарапынан мемлекеттік қолдауға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді, - деп атап өтті кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Тоқбаева.
Қызығушылықтың нәтиежесінде мемлекеттік гранттарға үміткерлер саны артқан. Егер 2021 жылы бір грантқа жеті кәсіпкер үміткер болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 11 кәсіпкерге дейін өскен.
Іске асырылып жатқан жобалардың сапасына ерекше назар аударылады. Соңғы 10 жылда қолдау тапқан жобалардың ішінде 123 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін 32 кәсіпкер белсенді жұмыс істейді.
Қолдау тапқан жобалардың қатарында Құрық ауылында іске асырылған «Бір ауыл - бір өнім» пилоттық жобасы бар. Кәсіпкерлер түйе мен қой жүнінен түрлі кәдесыйлар әзірлейді. Сондай-ақ, Құланды ауылында сүт өнімдерін өндіру жобасы іске қосылған. Шетпе кентінде «Жанұя» оңалту орталығы, ал Басқұдықта – «Бай балық» балық өңдеу цехы, Ақтауда – кроссовкаларды химиялық тазалау орталығы, ересектер мен балаларға арналған «Бол Тим» волейбол мектебі ашылған.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев кәсіпкерлерді қолдау бойынша атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдіріп, болашақ жоспарларын талқылады.
- Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында үлкен жұмыстар атқарылуда. Біз әртүрлі деңгейдегі кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетеміз. Субсидиялар мен төмен пайыздық несие бағдарламалары ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған. Біз күш-жігерімізді, соның ішінде өндірісті дамыту үшін инвестициялық гранттарды қосумен күшейтуге ниеттіміз. Біз өңірдегі бизнестің дамуына қолдау көрсетуді жалғастырамыз, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен мемлекеттік гранттарға 250 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Қолдау көрсетілген жобалар сәтті іске асырылған жағдайда биыл 169 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.