Ақтауда 27 қаңтарда аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен іскер әйелдер қауымдастығы мен әйелдер күштері Альянсының кеңейтілген отырысы өтті. Кездесуге жиналғандар былтырғы жылды қорытындылап, 2024 жылға арналған жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Жиынға қатысушылар әйелдер кәсіпкерлігі мен жұмыспен қамтуды дамытудағы жаһандық және өңірлік трендтерді талқылады.
Маңғыстау іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Шолпан Ильмұханбетова, қазір әйелдер еліміздің саяси және әлеуметтік өмірінде үлкен рөл атқаратынын айтты. Оның айтуынша, бүгінгі таңда 9 млн экономикалық белсенді қазақстандықтың 4,3 миллионы әйелдер. Еліміздегі барлық педагогтардың 84% - дан астамын және дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің 80%-ын нәзік жандылар құрайды.
«Жиналысты өткізудің мақсаты - қауымдастық пен әйелдер күштері Альянсы арасындағы өзара іс-қимылды ынталандыру. Сонымен қатар, әртүрлі салада қызмет ететін әйелдерді оқыту және қолдау, елдегі демократияның дамуына ықпал ету және еңбекші әйелдердің әлеуметтік мәртебесін арттыру. Бүгінгі таңда Маңғыстаудың экономикалық белсенді тұрғындарының жартысына жуығы - әйелдер. Біз әйелдердің құқықтарын қорғау, отбасылық құндылықтарды дамыту және әйелдердің ерлермен тең дәрежеде саясат пен экономикаға белсенді араласуын қамтамасыз етуге ұмтыламыз. Біздің мақсатымыз ерлердің алдына шығу емес, тең дәрежеде бірлесе әрекет ету, - деп атап өтті Шолпан Ильмуханбетова.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев қоғамдағы тұрақтылық пен келісім сақтауда және дамуда әйелдің рөлі орасан зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, әйелдер еліміздегі бейбітшілік пен өркендеудің ажырамас бөлшегі екеніне тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әрбір азаматы елдегі азаматтық қоғамды дамытуға белсенді түрде атсалысуы тиіс екенін әрдайым айтады. Біздің өңірімізде әйелдер аналық міндеттерін кәсіпкерлік пен басшылық лауазымда, әлеуметтік жауапкершілік пен қайырымдылықта сәтті үйлестіріп жүргенін білеміз. Әйелдердің бұл күш-жігері біздің еліміздің келбетін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады, олардың қоғамдық қызметтің әртүрлі салаларындағы ықпалын көрсетеді. Олардың көптеген рөлдерді қатар ұстай алу қабілеті әйелдердің қоғамдық дамуға қосқан үлесінің маңыздылығын көрсете отырып, басқаларға шабыт береді» - деді Нұрлан Ноғаев.
Маңғыстауда 2023 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, әйел кәсіпкерлердің саны ШОБ секторында 57,9 пайызды құрады. Кәсіпкер әйелдердің көпшілігі білім беру, денсаулық сақтау, өңдеу өнеркәсібі, сауда салаларында кәсібін дөңгелетіп отыр.