«Самұрық-Қазына» АҚ маңғыстаулық балаларға тамаша тарту жасады. Амал мейрамына орай аталған қордың 15 жылдық мерейтойы аясында үш ойын алаңы қолданысқа берілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығы.
«Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директоры Ғибрат Ауғановтың айтуынша, бұл жобаға 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Ал, 2022 жылы «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы Маңғыстау өңірінде құны 1,8 млрд теңгені құрайтын 8 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.
- Біздің қор қайырымдылық көмек көрсету барысында жобалардың жүйелілігі және компаниялар тобының кәсіпорындары бар өңірлерді қамту, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға айрықша назар аударады. Наурыз айының аяғына дейін қолданысқа берілетін спорт алаңдары халық игілігіне қызмет етеді деген сенімдемін, - деді Ғибрат Ауғанов.
«Самұрық-Қазына» қоры басқарушы директорының айтуынша, наурыз аяғына дейін 400-ден 1200 шаршы метрге дейінгі аумақты құрайтын тағы да 18 алаңның құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі.
Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан қайырымдылықтың бірыңғай операторы «Samruk-Kazyna Trust» қоры Жаңаөзен қаласында көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуде қолдау көрсетіп келетінін айтады.
- Өткен жылы жаңаөзендік мектептерді жаңа парталар жиынтығымен және интерактивті тақталармен жабдықтауға, оңалту орталығының, бейімделген спорт секциялары мен кешенінің ашылуына көмектесті. Бұл қаланың дамуына және балаларымыздың жарқын болашағына қосқан баға жетпес үлес деп бағалаймын. Әрі қарай да ынтымақтастығымыз тұрақты және табысты болады деп үміттенеміз, - деді Жаңабай Аймағанбетов
Жаңа алаңдардың тұсаукесер рәсіміне қала тұрғындары, қоғам белсенділері және жергілікті жүйе құраушы мұнай саласы кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Тұрғындардың айтуынша, көлемі 1200 шаршы метрге дейінгі ойын алаңдары сапа жағынан барлық талаптарға сай болып жоспарланып, Жаңаөзен қаласы мен Жетібай ауылында құрылысы өткен жылдың ақпан айында басталған.
- «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қаржыландыруымен салынып, пайдалануға беріліп отырған нысан жастар мен балалар үшін бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізіп, денсаулығын шынықтыратын таптырмас орын болмақ. Тұрғындардың атынан үлкен алғысымызды білдіреміз. Енді осы жерді әркім, әсіресе ата-аналар жағы көзінің қарашығындай күтіп ұстаса екен, - деді жаңаөзендік қоғам белсендісі, ҮЕҰ өкілі Рухия Қалдыбай.
Сонымен бірге, шараға келген «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қарасты «Oil Services Company» ЖШС қызметкері Әділет Мүтәлі тамаша алаңға куә болып, мұнайшы жастар атынан алғыс білдірді.