Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті Сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің нарықтық құнын арттыру тұрғысынан мемлекеттік сатып алу мониторингін жүргізеді. Мониторинг нәтижесінде жыл басынан бері 1,2 млрд. теңге бюджет қаражаты үнемделген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ведомствоға сілтеме жасап.
"Өңірде мемлекеттік сатып алуды тиімсіз жоспарлайтын мекемелер бар. Мәселен, Түпқараған аудандық білім бөлімінің мемлекеттік балабақшаларының бірі 32,1 млн теңгеге 3 принтер сатып алуды жоспарлаған. Яғни, ол принтердің бір данасын 10,7 млн теңгеге сатып алуды көздеген. Алайда, тауардың нарықтық құны 100 мың теңгені құрайтыны анықталды. Департамент ұсынған ұсыным негізінде мемлекеттік сатып алу жоспары қайта қаралып, 31 млн теңге үнемделді", - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Біржан Хайруллин.
Айта кетейік, мемлекеттік органдар мен ұйымдар, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері сатып алатын тауарлар мен қызметтер құнының мониторингі бағаларды нарықтық көрсеткіштермен салыстыру арқылы жоспарлау сатысында жүргізіледі.