Маңғыстау облысындағы 25744 әскери бөлімінде әскери техника мен қару-жараққа техникалық байқау жүргізілді. Шара барысында оның жауынгерлік дайындығы, жай-күйі мен штаттық құрамы тексерілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ақтау өңірлік гарнизонының Әскери полиция басқармасы Әскери автомобиль полициясы бөлімшесінің қызметкерлері
әскерлердің күнделікті және жауынгерлік даярлығын қамтамасыз етуге арналған арнайы техника, жеңіл көліктер, автобустар мен жүк көліктерінің тежегіш жүйесінен бастап, сыртқы түріне дейін тексерді.
Осылайша Әскери автомобиль полициясы басқармасының қызметкерлері 15 мамырдан бастап гарнизондағы 700 көлікті тексерді.
Тексеру жүргізудің негізгі мақсаты - жол қозғалысына қатысатын көлік құралдарының техникалық жай-күйінің сәйкестігі, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, көлік құралдарын пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік құралдарын пайдаланудың кері әсерін азайту.
«Көлік құралдарын тексеру бақылау-диагностикалық құралдарды қолдану арқылы жүзеге асады. Ол екі кезеңде өтеді: дайындық және негізгі. Дайындық кезеңінде құжаттар тексеріліп, көлік құралының маркасы, үлгісі және модификациясы белгіленеді, алынған нәтижелер көлік құралын тіркеу куәлігінің деректерімен салыстырылады. Тексерудің негізгі кезеңі – көліктің техникалық жағдайын диагностикалау», - деді Ақтау өңірлік гарнизонының әскери полиция басқармасы Әскери автомобиль полициясы бөлімінің бастығы, полиция майоры Еркін Игісінов.