Маңғыстау облысында алдағы екі жылда 28 100 орындық 27 мектеп қолданысқа беріледі деп жоспарланған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашеваның айтуынша, бүгінде білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 4 800 орындық 4 мектептің құрылысы мен жер қойнауын пайдаланушы инвестордың есебінен 1 300 орындық 2 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында екі жылға жоспарланған 22 000 орындық 21 мектептің биыл 13-нің конкурстары өтіп, құрылыс жұмыстары басталды.
- Облыстық білім беру басқармасының жылдық қорытындысы бойынша, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 3 ауылдық мектеп материалдық жағынан күшейтіліп, 2022-2023 жылдары 150 мектепке жыл сайынғы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, 95 мектепке 225 физика, химия, биология, STEM кабинеттері сатып алынды. Биыл 1-4 сыныптардың және аз қамтылған отбасылардың оқушылары толықтай ыстық тамақпен қамтылды және оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін, көркем және қосымша әдебиет толық көлемде сатып алынды. Барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау камераларымен қамтылды, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Сонымен қатар, 2021-2025 жылдары аралығында 103 ауыл мектебін жаңғырту жоспарланып, үш жылда барлығы 63 мектеп жаңғыртылды, - деді Динара Жұмашева.
Сондай-ақ, биыл мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша 3 061 орын іске қосылды, оның ішінде, 2 582 орындық 29 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашу және жұмыс істеп тұрған балабақшаларды 479 орынға кеңейту есебінен ашылды.
Қазіргі таңда 2-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамту көрсеткіші 88,8%-ды құрайды. Сонымен қатар, 2023 жылы Ақтау қаласында 1 500 балаға арналған оқушылар сарайының құрылысы аяқталып, соңғы үш жылда 2 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті, 1 арнайы балабақша ашылды.