Оқушылардың әскери өмірге қызығушылығын арттырып, Отан алдындағы борышын өтеуге құштарлығын оятып, әскери өмірдің темірдей тәртібіне баулу мақсатында Маңғыстау облысындағы мектептерде 30 әскери-патриоттық клуб ашылып жатыр. Сондай ӘПК Түпқараған ауданындағы 9 жалпы білім беру мектептерінде салтанаты түрде ашылып туы табысталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Жалындай бер, Жас Қыран» атты жобаны «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігі белсенді түрде жүзеге асырып жатыр.
- Қазіргі таңда ер балалардың бойында батылдық, шапшаңдық, сабырлылық, төзімділік қабілеттері өте төмен екенін байқап жүрміз. Бұл қабілеттерді шыңдау, темірдей тәртіпке бағыну, жауапкершілікті жоғарылатуда әскери клубтар ұйымдастыруды жөн көрдік. Жобаны қолдаған өңірдегі Ауған соғысының ардагерлеріне, алғашқы әскери-техникалық дайындық пәні мұғалімдеріне және Әуе қорғаныс күштерінің офицерлеріне алғысымыз шексіз. Осындай клуб арқылы ұлдарды Отанды сүйіп, азаматтық борышын өтеуге жауапкершілікпен қарайды, - деген сенімдеміз дейді «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәтжан Шаулиев.
Әскери клубтың 80 пайызы ұл балалардан, 20 пайызы қыз балалардан құралған. Бұл клубтың құндылығын арттыру бағытында және саннан сапаға жұмыс істеу мақсатында жүргізіліп отыр. Әскери клуб мүшелері әскери бөлімдерге барып, әскердегі сарбаздар өмірімен жақын танысады, спорттық шараларға және оқу-жаттығу мақсатында қолданылатын қаруларды ұстап көріп, шашып-жинау жарыстарына қатысады. Сондай-ақ топографилық картамен тереңірек жұмыс істеуді, саптық және атыс дайындығын меңгереді. Оқушыларды ынталандыру мақсатында түрлі шаралар өткізу жоспарланған. Әр клубтың өз атауы, ұраны және туы бар.
Жоба Маңғыстау облыстық білім басқармасы және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» «Білім алушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру» мемлекеттік грантының аясында жүзеге асып жатыр. Қазіргі таңда 30 патриоттық клуб ашылса, жыл аяғына дейін клуб санын 50-ге жеткізу жоспарланып отыр. Клуб жұмысы білім басқармасының өкілдерімен ақылдасылып бекітіліп отыратын болады.
- Әскери клубтың жұмысын клуб жетекшісі мен взвод командирі басқарып мүшелерімен ақылдасып шешеді. Қатысушылардың үздік нәтижесін марапаттау үшін «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері арнайы төсбелгі жасақтауды ұйғарған. Бұл клуб жетекшілері мен взвод командирлеріне табысталады, ал кейін үздік нәтиже көрсеткен оқушыларға да беріледі. Бұл жәй төсбелгі ғана емес, әскери өмірден хабары бар, патриот жастардың қатарын арттыруға көмектесетін, саналы ұрпақ қатарын көбейтетін төсбелгі деп қабылдаған абзал, - дейді ұйымдастырушылар төрағасы М.Шаулиев
Материал келісім-шарт аясында жарияланды