Оқу орталықтары өңірдегі жұмыс берушілердің сұранысы бойынша мамандарды даярлайды. Мұнда жұмыссыз азаматтар үшін 32 мамандық бойынша қысқа мерзімді курстар өткізіледі, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz МО кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда азаматтар бұл курстарда тігінші, шаштараз, тырнақ әрлеуші, кассир, мемлекеттік сатып алу, наубайшы, аспаз, кондитер, тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі сияқты мамандықтарды игере алады.
Оқу орталықтары бірқатар талаптарға, оның ішінде тәлімгерлікпен дуальды оқыту элементтерін пайдалану, белгіленген үлгідегі сертификат беру арқылы кәсіптік оқытуды өткізу тәжірибесіне сәйкес келеді. Әрі ұлттық палатаның тізіліміне енгізіледі. Басты талап – орталықтардың базасында оқытылатын тұлғаларды жұмыспен қамту деңгейі 60 пайыздан кем болмауы тиіс.
Жұмыссыз азаматтар қысқа мерзімді оқытуға қатысу үшін Жұмыспен қамту орталығына хабарласуы қажет.
Айта кетейік, «Атамекен» ҰКП тізілімінде Маңғыстау облысы бойынша18 оқу орталығы бар. Оның 8-і кәсіпорындарда, 5-і колледждерде, 4-і дербес және 1-і жоғары оқу орны жанынан ашылған.