Наурызнаманың онкүндігі аясында 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүрлер күні болып саналады. Ұлттық мәдениеттің ұлы құндылығы қылқалам шеберлерінің қилы картиналары, бейнелеу өнерінің үздік үлгілері деуге саяды. Елімізге танымал қылқалам шебері Тынышбек Пайзханұлы өз туындыларында туған өлкеге деген перзенттік махаббатын бейнелейді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникациялар орталығына сілтеме жасап.
Суретші Тынышбек Пайзханұлы туған ел алдындағы перзенттік парыз шексіз сүйіспеншілікпен қоса, асқан жауапкершілікпен ұштасып жатқанын жеткізді. Туып-өскен, өнген ортасы суретші шығармашылығында әрдайым көрініс табады. Ол Маңғыстаудың тұмса табиғаты мен салқар сахарасын көрші елдерге таныстыру ерекше құрмет екенін атап өтті.
- Маңғыстау облысындағы бейнелеу өнері - бұл өнердің ерекше түрі. Құм шағылдары, құба түз бен шың құздар, тау шатқалдары — алуан түрлі реңктер тоғысқан пейзаж жанрына маңғыстаулық қылқалам шеберлерінің бет бұруы заңды құбылыс, - дейді Тынышбек Пайзханұлы.
Шынында да, Маңғыстау облысының мүмкіндігі шексіз: көкжиекпен астасқан теңіз, дархан дала келбеті көз тойдырады. Сондай-ақ, Маңғыстаудағы киелі орындар «Қаратау», «Қарақия», «Шерқала» тарих тереңіне бойлайды. Таңғажайып табиғат пен ерекше ғибадат орындары және жерасты мешіттері ой тұңқиығына жетелейді.
- Суретші шығармашылығына туып өскен аймағы әсер етеді. Онымен қоса, табиғаттың мыңдаған түстерін тану және оларды дәл көрсете білу суретшінің шеберлігіне байланысты, - дейді қылқалам шебері.
Тынышбек Пайзаханұлы Маңғыстау суретшілер үшін, сарқылмас шабыт көзі екенін айтады.
Сонымен қатар, Тынышбек Пайзханұлы осы салада көптеген ізбасарларын тәрбиеледі. Бүгінде ол Қазақстанның үздік суретшілерінің ондығына кіретін Аймұрат Базаржанұлымен бірге қызықты тандем жасап, Маңғыстау тарихын өз туындылары арқылы баяндап жүр.