Шілдехана - қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрі. Елімізде Наурызнаманың онкүндігі бойынша 16 наурыз - Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні тойланады. Осы мереге орай Ақтаулық Ержановтар әулетінде шілдехана рәсімі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бесікке бөлеу құрметі 9 баланың анасы сәбидің үлкен нағашы әжесіне берілді. Баланы бесікке бөлемес бұрын тыштырма дәстүрі өткізілді. Бұл кезде бесіктің ойығынан балаларға тәтті үлестірілді. Нәрестенің бесікке бөлеген уақытта барлық ағайын-туыс «Үлкен азамат болсын» деп тілек айтса, баланың әжесі «Сіздерге де жұғысты болсын» деп шашуын шашты. Сәбидің әжесі Гүлзира Есетова бесікке салған алтын құрсақты анаға арнайы сыйлық табыстады.
- Жалпы қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Менің төрт балам, төрт немерем бар. Сафия - екінші ұлымның қызы, төртінші немерем. Сәбиіміз еліміздің дамуына үлкен үлес қосуын тілеймін. Жыл құтты болсын!, - деді нәрестенің әжесі Гүлзира Есетова.
Әулет үлкендері салт-дәстүрдің жөн-жоралғысын жасап, нәрестеге батасын берді.