5 шілдеден бастап маңғыстаулық өнерпаздардың «Қырымның қырық батыры» эпосы ізімен халықаралық турнесі басталады. Олар 20 шілдеге дейін Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қарақалпақстанды аралайды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Турненің мақсаты - дүниежүзілік маңызы бар мұраны әлемдік деңгейде насихаттап, ЮНЕСКО-ның бейматериалдық мұралар тізіміне енгізу. Сонымен қатар Мұрын жырау Сеңгірбекұлының жыраулық орындаушылық мектебін жаңғыртып, ұмытылуға айналған желілік эпикалық туындыларды орындау дәстүрін қайта қалыптастыру.
Турне аясында «Маңғыстаудың дәстүрлі жыршылық орындаушылық үлгісін оқыту әдістемесі» оқу-әдістемелік құралы әзірленіп, баспадан шығарылады. Сонымен қатар Алтын Орда, Ноғай ұлысы дәуірінің тарихын суреттейтін музыкалық шығармаларды ұсынады. Атап айтқанда, өнерпаздар «Қырымның қырық батыры» эпосын жырлап, «Ел айырылған», «Қазақ пен ноғайдың айырылысуы», «Науайы» және т.б күйлерінің желісі бойынша өнер көрсетеді.
Турнеге облыстың қала, аудандарынан барлығы 14 өнерпаз бара жатыр.
Айта кетейік, «Қырымның қырық батыры» жырлар жиынтығы өзінің құрылысы жағынан қырғыздың белгілі «Манасын» еске түсіреді. Бірақ көлемі бойынша одан екі есе үлкен, қалыпқа түскен тұтас бір мəдени дүние. Аталған мұра көлемі жағынан Шығыстың ұлы туындысы – «Мың бір түннің» өзін кейінге қалдырады. Аталған мұра 1942 жылы маңғыстаулық жырау Мұрын Сеңгірбекұлының айтуынан толықтай хатқа түсірілді. 1944 жылы Ташкент қаласында өткен фольклоршылардың Бүкілодақтық ғылыми конференциясы Мұрын жырлаған «Қырымның қырық батыры» эпосы дүниежүзілік маңызы бар ерекше қазына деген қаулы қабылдаған.