ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Маңғыстау сайлаушыларымен кездесуде кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту мен қолдау шараларын түсіндіріп, өндірушілер, спортшылар және мұнайшылармен және IT-мамандармен бірқатар мәселелерді талқылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Zhamal-ai LTD» арнайы киім және аяқ киім өндіретін фабрикаға барған Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары кәсіпорын ұжымына кандидаттың сайлауалды бағдарламасында көрсетілген бизнесті қолдау шаралары туралы айтып берді.
«Президент сайлауы – мемлекетіміздің одан әрі даму бағытын айқындайтын маңызды қадам. 20 қарашада қазақстандықтар сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасау арқылы саяси мәдениеттің жоғары деңгейін көрсетуі маңызды», – деді РҚШ мүшесі, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева.
Бұдан әрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штаб мүшелері өңір жұртшылығымен облыстағы көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту мәселелері, IT және мұнай саласын дамыту бойынша сауалдарды, сондай-ақ кәсіби және ұлттық спорт түрлерін дамытудың маңыздылығын талқылады.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті кезектен тыс сайлауы 2022 жылғы 20 қарашада, жексенбі күні өтеді. Қазақстан сайлаушыларының тізіліміне белсенді сайлау құқығы бар 11,8 миллионнан астам азамат енгізілген. Маңғыстау облысында бүгінгі таңда сайлаушылардың саны 411 мыңнан асады. Қазіргі таңда облыста алдағы сайлауды ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз ететін бір облыстық, екі қалалық және бес аудандық сайлау комиссиялары жұмыс істейді. Әр учаскеде осы учаскеде тіркелмеген адамдардың сайлау учаскелерін анықтау үшін екі сервистік орталық жұмыс істейді. Бұдан басқа, 5 сайлау учаскесінде тіркелмеген адамдарды уақытша тіркеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері жұмыс істейтін болады.
Сайлау алдындағы үгіт 21 қазан сағат 18.00-де басталып, 19 қарашаның түн ортасында аяқталады. Содан кейін тыныштық күні жарияланады, ал 20 қарашада жергілікті уақыт бойынша 7:00-де республика бойынша сайлау учаскелері ашылады. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша 20: 00 - ге дейін жалғасады. Сайлау нәтижелері 27 қарашадан кешіктірілмей жарияланады.