Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша дүние жүзінде жыл сайын 50 мыңнан астам әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмады. Балалары отбасылық зорлық-зомбылыққа куә болып, қатты күйзеліске ұшырайды, өкініштісі кейін олар энурез, кекештік, псориаз және т.б. психосоматикалық ауруларға жиі шалдығады.
Бүгінде біздің еліміз де жоғарыда көрсетілген көрсеткішке өз үлесін қосып отыр. Ең қорқыныштысы карантин кезінде еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың деңгейі 41 пайызға артып кеткен. Десе де, бала мен ананың, қария мен отбасының, мүмкіндіктері шектеулі жандардың қауіпсіздігі үнемі мемлекет басшысының қатаң бақылауында. Бұл жауыздықпен еліміздегі жанашыр азаматтар үздіксіз күресіде. Осы орайда жыл сайын бүкіл әлем бойынша атап өтілетін «Зорлық-зобылыққа жол жоқ!» халықаралық акциясы биыл да өз жалғасын табуда. Науқан жыл сайын «БҰҰ-әйелдер» халықаралық ұйымымен серіктестікте өткізіледі. Науқанның басты мақсаты 16 күн ішінде зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасы мүшелеріне психологиялық, құқықтық көмек көрсету, зорлық-зомбылық құрбандарын оңалту бойынша қызмет көрсету, сонымен қатар халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізу, тұрмыстық қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу. Осы тақырып төңірегінде облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Светлана Әлібековамен сұхбаттасуды жөн көрдік.
Светлана Базарбайқызы, облыс деңгейінде зорлық-зомбылық фактілері жиі орын алатын болар, сол зорлық-зомбылықтың орын алуына қандай фактілер әсер етеді?
-Қазақстандағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айту үшін осы проблеманың қандай ауқымға ие екенін білу қажет. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың туындауына әсер ететін факторлар ішкі және сыртқы болуы мүмкін. Ішкі факторларға ішімдікке немесе есірткіге тәуелділік, психикалық және психологиялық аурулар, шамадан тыс агрессивтілік және т.б. негізгі себептер жатады. Сырттан әсер ететін факторлар – өмір сүру деңгейінің төмендігі, тұрақты табыстың болмауы, білімнің төмендігі және т.б. Алайда материалдық проблемалардан басқа, адамның балалық шағында болған, әсіресе егер бала кезінде адамның өзі отбасындағы аға буын туыстары тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайлардың әсерін де ескерген жөн. Сондай-ақ сарапшы психологтардың пікірінше қоғамның өзгерген құндылықтары әсер етеді, онда әйелдер көбінесе бай адамға тұрмысқа шыққысы келіп, оның жеке қасиеттерін, мінез-құлқы мен сезімдерін екінші орынға қояды. Яғни көбінесе әлеуметтік және психологиялық факторлар отбасындағы зорлық-зомбылықты күшейтеді.
Қоғамның дертіне айналған сол қатыгездікті түп тамырымен жоя аламыз ба?
-Ата-бабаларымыздан мирас болып қалған көптеген отбасылық әдет-ғұрып, салт, өзіндік дәстүрлер бар. Тал бесіктен тәрбие дұрыс берілсе, өскелең ұрпақ аталған салт пен сананы, дәстүр мен ғұрыпты өз жолынан жаңылыстырмай, темірқазықтай ұстанары хақ. Анасын баласының көзінше ұрып-соғу, балағаттау, зорлау, үйлене салып ажырасу, ішімдік пен нашақорлыққа салыну, жұмыс істемей, балаларын аш қалдыру, алимент төлеуден бас тарту, өлтіру, жасөспірімдерге, қыздарымызға, сәбилерге жыныстық зорлық жасау тағы да басқа сорақы жайттар әрине жанға батады, табиғатымызға жат нәрсе. Түптеп келгенде, түйткілдің салдарымен емес, себебімен күресуді күшейтуіміз керек. Еліміздің әрбір азаматы ұлтына, наным –сеніміне, саяси көзқарасымен, ұстаған бағыт-бағдарына қарамастан, өзі өмір сүріп, ауасын жұтып, игілігін пайдаланып отырған мемлекетті «туған елім, Отаным» деп тану керек. Сондай-ақ отбасылық құндылықтарды құрметтеу, рухани тәлім-тәрбие беру, мәдениетті қалыптастырумен қатар құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қашанда күн тәртібінен түспеу керек. Негізі зорлық-зомбылық фактілерін алдын алуды бала тәрбиесінен бастау қажет деп есептейміз. Жастарға отбасылық құндылықтарды насихаттау, әйелді, ананы құрметтеу, отбасындағы берекені сақтауды сіңіруіміз керек. «Ел боламын десең - бесігіңді түзе», деген халқымыздың дана сөзі бар. Осы бағыттағы жұмыстарды жүргізу мақсатында білім басқармасымен бірлесіп қыздар кеңестерінің жұмысын жандандыру және қамқоршылық кеңестер және әкелер кеңестерінің жұмысын жүргізуді қолға алып жатырмыз. Себебі қазіргі, таңда көп жағдайда баланың тәрбиесімен аналар ғана айналысады. Сондықтан, әкелер кеңесінің жұмысын жандандыра отырып, бала тәрбиесіне тек аналарға емес әкелердің етене араласуына ат салысу керек деп есептейміз. Әсіресе, ер балалар үшін әке тәрбиесінің орны ерекше. Бұл жаһандық рухани індетке қарсы күреске шет қалмай бір кісідей ат салысайық. Бір-бірімізге жылылық, мейірімділік, түсінушілік, кешірімдік танытып, әр қиналған адамға, жанұяға көмектессек, отбасында орын алатын кикілжің немесе дау-дамайларды бейбіт жолымен, заң аясында шешетін болсақ, қоғамдағы жағдай да түзелетіні сөзсіз. Сол себепті әрқайсыңыз зорлық-зомбылыққа, суицид пен жасөспірімдерге қатысты жасалған қылмыстарға, педофильдікке, ұрып-соғу, азаптау, зорлау және әйелдер мен балалардың өліміне апаратын құқық бұзушылықтарға «Жоқ» деп айта аласыздар деп сенемін. Мен облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы ретінде азаматтардың өмірін, денсаулығы мен мүдделерін қорғауды басты мақсат деп танып, аналарымыздың, қарияларымыздың, балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әр жанұяда бақ-береке орын алу үшін баршаңызды отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы төтеп беруге шақырамын. Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз! Елде жүзеге асырылып жатқан іс-шараларға сіз де тыс қалмай қосылыңыз немесе жаңа игі істерге бастамашы болыңыз:
-қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға ақысыз қызметтер ұсыныңыз;
-үйде, достардың арасында, ұжымда отбасының құндылығы мен адам өмірінде алатын рөлі туралы, әсіресе отбасы мүшесіне деген құрмет пен қамқорлық жайында айтудан шаршамаңыздар. Мемлекетіміздің абыройын асқақтатып, ұрпағымыздың өрісін кеңейтіп, халқымыздың мәртебесін көтеріп, қарияларымызды құрметтеп, аналар мен қыз-келіншектерімізді аялап, сәбилерімізді мәпелеп жүрсек қана-бақытты, іргелі, болашағы зор, келер ұрпағы парасатты ел боламыз дегім келеді.
Өңірімзде зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға қандай көмек көрсетіліп жатыр?
-Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған арнайы дағдарыс орталығы жұмыс жасайды. Бұған кез-келген зардап шеккен тұлға арнайы протоколмен орналаса алады. Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жанынан ашылған тұрмыстъқ зорлық -зомбылыққа байланысты іс-әрекеттердіц нәтижесінде қатыгездікпен қараудан зардап шеккен деп танылғандар бөлімі 2018 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің 2016 жылғы 28 желтоқсандағы №386 «Маңғыстау облысы әкімдігінің кейбір қаулыларына өзгерістер енгізу туралы» қаулысына байланысты, сәуір айынан 20 орынға арналып ашылып, маусым айынан бастап қызмет алушыларды қабылдап жатыр. Қызмет алушыларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандартына сәйкес әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік- құқықтық, әлеуметтік-экономикалық қызметтер көрсетіледі. Шомылатын бөлме, балалар ойнайтын, ал асханада заманауи технологиялық қүрал-жабдықтар және аппаратуралар мен қамтамасыз етілген. Сенім телефоны: 8-708-924-23-70, 8 (7292) 505423. Сондай-ақ Ақтау қаласында «Жанұя» отбасын қолдау орталығы жұмыс жасайды. 2021 жылдың 1-ші маусымында «Ақтау қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Орталықтың атқаратын қызметтері мен мақсаттары көп балалы, толық емес, аз қамтылған, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға кешенді консультациялық қызметтер көрсету, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың жекелеген санаттарына психологиялық қолдау, жеке ісін ашуға, салық заңнамасы мәселелері бойынша кәсіпкерлік бастамасын қалыптастыруға бағытталған оқыту, отбасы институтын нығайту жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу функцияларын жүзеге асырады. Сонымен қатар, қорғаншылық, бала құқықтарын сақтау мәселелері бойынша консультация беру, некені бұзу туралы талап арыздарды жазу, кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіруге көмектесу. Орталықтың психолог және әлеуметтік мамандары жұмыс уақытымен келушілерге қызмет көрсетіп отыр.
Орталық қиын жағдайға тап болған аналарды қоғамға бейімдеп, табыс көзін ашуға жол көрсетіп, қолдау көрсетеді ме?
Әрине, аналарды жан-жақты дамытуға қолдау көрсетіледі. 1 маусыммен 31 желтоқсан яғни 2021 жылдың ІІ жарты жылдығында атқарылған жұмыстар бойынша мамандардың қабылдауында болып қызметтер алған келушілер саны - 215 адам. 25 ақпаннан – 8 наурыз аралығында «8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне орай, орталық «Он отбасыға көніл күй» атты 10 күндік мерекелік шара ұйымдастырды. Атап айтсақ, бір анаға бет әрлеу, екіншісіне тырнақ күтімі, келесі анаға шаш қию, енді біріне шаш бояу сонымен қатар Н.Жантөрин атындағы драма театрға екі анаға билет, Аққала молл сауда орталығындағы кино театрға мүмкіндігі шектеулі жандарға 2 билет, бір анаға тіс дәрігеріне жолдама, бір отбасына мейрамханаға кешкі ас ішуге тапсырыс берілді. 19 наурыз күні орталықта «Армысың, Әз-Наурыз» атты мереке өтті. Арнайы шара үшін тігілген киіз үйде Наурыз көже мен қазақтың ұлттық тағамдары қойылды. Ұлттық дәстүрімізді дәріптеу мақсатында ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылды. 19 мамыр күні Қазақстан халқы ассамблеясында, 20-мамыр күні Абай мәдени-демалыс кешенінде «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» бойынша жәрмеңке өткізілді. Жәрмеңкеге орталықтың психолог маманымен әлеуметтік қызметкері қатысып 26 адамға көмек көрсетті. 2022 жыл «Балалар жылы» болып белгіленуіне байланысты 1 маусым күні «Мейірімді ана» қорымен бірлесіп, балалар күніне орай көп балалы, толық емес, аз қамтылған және ерекше балалар тәрбиелеп отырған аналарды балаларымен бірге «Guna» демалыс кешеніне және «Three of Life» демалыс кешеніне апарды. 27 тамыз күні көп балалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған отбасының 2 баласын «Мектепке дайынсың ба, балақай?!» атты акция аясында орталыққа келген шаштараз маманы Марал ханым тегін шаш қию қызметін көрсеткен болатын. Шаштараз маманының қолдауымен 22 баланың шашы тегін қиылды. 20-21-22 қыркүйек аралығында көп балалы, толық емес, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған отбасылардың 14 жастан 21 жас аралығындағы балаларына мобилография шеберлігіне 3 күндік мастер класс ұйымдастырылды. Орталыққа қолдау білдірген мобилограф маманы – Іңкәр Исаева 10 балаға мобилография курсын оқытты. 28 қыркүйекте Орталықта @urpaknext қоғамдық қоры, @gulzhanat_muratbay ұйымдастыруымен ауыл әйелдеріне инновация жобасымен Маңғысау облысына қарасты елді мекендерден және Ақтау қаласы бойынша келген аналармен кездесті. Аниматорлық кәсіп бастағысы келетін қыз келіншектерге арнайы шеберлік сабақ және қойылым қою арқылы конкурс ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға арнайы кәсібін бастауға құрал жабдықтар берілді. 30 қыркүйек күні Ақтау қаласы әкімдігінің "Жанұя" отбасын қолдау орталығы КММ-де көп балалы, толық емес, аз қамтылған, мүгедек балалар тәрбиелеп отырған аналарға әлеуметтік кәсіпкер - Гүлжанат Мұратбайдың ұйымдастыруымен "Қарыздан құтылып, жаңа өмір баста" тренингі өтті. Тренингке келген аналар қарыздан қалай құтыламын, өмірімді қалай өзгертемін, кәсіпті қалай бастаймын, мақсатқа қалай жетсем болады, қандай қадамдар жасасам болады?- деген сауалдарға қажетті ақпараттар алды. Сонымен қатар, Ақтау қаласының әкімі және орынбасарлары тарапынан жүйелі түрде көпбалалы, жалғыз басты және мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналармен қабылдау жүргізіліп отырады. Көп балалы, аз қамтылған отбасындағы аналарға арналған мастер класстар өткізілді. Орталықтың ұйымдастыруымен жыл басынан бері әртүрлі санаттағы көпбалалы аналар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар, мүгедек аналарға түрлі бағытта ақысыз курстар оқытылды. Осы жылы 13 анаға тігін, 40 анаға тырнақ әрлеу, 15 анаға балалар массаж курсы өткізілді.
Облыста зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарды уақытша орналастыратын арнайы орындар бар ма?
-Облыстық деңгейде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының № 2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының базасында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған сыйымдылығы 20 адамға арналған уақытша болу орталығы жұмыс жасайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны ретінде анықталғаннан кейін азаматтар 6 айдан 9 айға дейінгі мерзімге бола алады. Бүгінгі күні бөлімше тұрмыстық зорлық – зомбылықтың 44 құрбанына, оның ішінде 10 анаға, 34 балаға қызмет көрсетті. Сондай ақ, Маңғыстау облысында жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мақсатында «Дағдарыс орталығын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы іске асып келеді. Әлеуметтік жоба тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған 6 айға дейінгі мерзімге сыйымдылығы 15 төсек орындықпен жабдықталған уақытша болуға арналған стационар жағдайларында немесе күндізгі болу жағдайларында орталықтың жұмысын ұйымдастырады. Орталықта мемлекеттік және үкіметтік емес секторлар арқылы тұрмыстық-зорлық зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері толық қамтамасыз етілген. Сонымен бірге отбасын қолдау орталықтарына келген қызмет алушылардың ішінде уақытша тұруды қажет ететін тұлғалар болған жағдайда, уақытша болу орталықтарымен бірлесе отырып жұмыс жасай алады. Осыған орай, аталған тұлғаны уақытша болу орталықтарына жіберу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар 2020 жылдан бастап Ақтау қаласында және Мұнайлы ауданында (тіркеу жұмыстары жүргізілуде) «Жанұя» отбасын қолдау орталығы өз қызметін жүргізеді. Орталықта көпбалалы аналарға мемлекеттік құрылымдар өкілдері, психолог, заңгер мамандары тегін кеңес беріп, көмек көрсетеді. Орталықтың бірден-бір мақсаты – көпбалалы аналармен жұмыс істеу, отбасы құндылығының артуына ықпал ету, олардың өзекті мәселелеріне құлақ асып, қолдау білдіру. Ол жақта да өз кәсібін табыс көзіне айналдырамын деп ниет еткен көпбалалы аналарға жұмыс жасауға мүмкіндік бар. Орталық базасында шеберлік сабақтары өткізіліп, орталық конференц залында семинар-тренингтер мен мәдени-шаралар ұйымдастырылады.
Сұхбатыңызға рахмет!
Айгүл Орынбаева