Қызылтөбе ауылының тұрғындары газ құбырларының кесірінен үйлеріне өрт сөндіру көліктері кіре алмайтынын жеткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы әкімінің телеграм арнасында Қызылтөбе ауылының тұрғындары «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесіне қатысты арыз, өтініштерін жеткізді. Олардың айтуынша, ауылға газ құбырларын тартқан мекеме әр үйдің алдына газ арқалық доғасын (арка) жүргізбеген.
- Құдай бетін әрі қылсын, өрт бола қалған жағдайда өрт сөндіруші көлік үйімізге кіре алмайды. Газ мекемесіне хабарлассақ оны өздеріңіз жасатасыздар дейді. Оның өзі қыруар ақша мен қарайған жұмыс. Құрылыс жұмыстары үшін келетін үлкен көліктер де ауламызға кіре алмайды. Баспанамызға өз ақшамызға газ жүргіздік. Арка құру газ аймақтың міндеті емес пе? Сол мәселені шешіп, жауап берулеріңізді сұраймыз, - деді ауыл тұрғындары.
ҚазТрансГаз Аймақ өкілдерінің айтуынша, Қызылтөбе ауылының газ құбырлары 2006 жылы жергілікті әкімдіктің қаржы есебінен жүргізілген.
- Тұрғындар Қызылтөбе ауылдық газ құбырларына қатысты мәселесіне қатысты Мұнайлы ауданы әкімдігіне арыз жазуына немесе өз қаржысы есебінен лицензиясы бар мекемелер арқылы құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуіне болады. Қазір ҚазТрансГаз Аймақ мекемесінің аталған мәселе бойынша қаражат көзі қарастырылмаған, - деді ҚазТрансГаз Аймақ өкілдері.