ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының депутаты Самат Мұсабаев «Korkem Alem» ет комбинатының жұмысымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жұмыс сапары барысында Самат Мұсабаев кәсіпкерлердің халыққа сапалы қызмет көрсетуіне, етті қайдан алып жатқанына, жергілікті биліктің қолдау шараларына назар аударды.
Комбинатта барлық жұмыс процесі ережеге сай жүргізіледі. Мал сою, ет өңдеу талаптары сақталып, автоматтандырылған жүйе негізінде жұмыс істейді. Мұнда ай сайын 360 тонна ет шығарылып, 100 тонна ет өнімі өндіріледі. Еттен жасалатын жартылай фабрикат өнімдері, деликатестер және ас үйге қажет өзге де өнімдер бар.
Комбинат директорының орынбасары Нұркелді Үсеновтің айтуынша, барлық өнім ҚМДБ-ның халал стандартына толық сәйкес келеді. Қазіргі таңда компанияда 140-қа жуық адам еңбек етеді. Оның 130-ы – жергілікті тұрғындар. Жоба толық күшіне енгеннен кейін 200-ден астам азаматты жұмыспен қамтуды көздеп отыр.
Айта кетейік, алдағы 5 жылда партия Маңғыстау облысының сайлауалды бағдарламасын орындау аясында жыл сайын кемінде 15 инвестициялық жобаны, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда ет, сүт өндіру, сондай-ақ құс фабрикасын салу жобаларын жүзеге асыруға ықпал етеді. Жаңаөзенде 500 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы, Мұнайлы ауданында тағы осындай екі алаң салынады.
Сондай-ақ облыстық «Жер аманаты» комиссиясы заңсыз бөлінген немесе пайдаланылмай жатқан жерлер мен жайылымдарды мемлекет меншігіне қайтаруға күш салады. Жыл сайын орта есеппен 300 мың гектар жер қайтарылады.