Ақтауда «Жомарт жүрек» сыйлығының «Туған өлке» аталымы бойынша Сергей Ворожейкин, Бекқали Нарынов, Данияр Сандыбаев марапатталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сергей Ворожейкин – «Marine Services» ЖШС директоры, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты. Ол көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, асыраушысынан айырылған, ерекше балалары бар отбасыларды азық-түлікпен, мектеп құралдарымен қамтуға ерекше үлес қосқан. Пандемия кезінде ауруханаларға қажетті құралдар сатып алуға көмектесіп, қайырымдылық шараларға тұрақты түрде атсалысып келеді.
Бекқали Нарынов – жеке кәсіпкер, «Әмір Темір» спорт кешенінің директоры. Кәсіпкер Қызылтөбе ауылына 200 орындық «Гүлдер» балабақшасы және «Әмір Темір» спорт кешенін салып берді. 2018 жылдан бастап бүгінге дейін Қызылтөбе ауылындағы аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және әлеуметтік жағынан аз қамтылған 500 отбасы балаларын балабақшамен тегін қамтамасыз етіп отыр. Аудан көлемінде ұйымдастырылатын барлық қайырымдылық шаралары мен акцияларға қолдау білдіріп, демеушілік білдіріп жүр.
Данияр Сандыбаев – «Еxpress Story Group» (ESG) құрылыс компаниясының директоры. Ақтау қаласын көгалдандыру бойынша «Тал егейік» челленджі аясында, 43-шақырым және Ақтау қаласындағы Самал шағын ауданында үлкен сенбілік өткізді. 26 шағын аудан және 18а шағын ауданындағы «Premium Plaza» тұрғын үй кешені, Самал-2 шағын ауданындағы «Samal Avenu» тұрғын үй арасындағы жол бөлу аллеясын көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. 14 шағын ауданындағы «Тамшалы» тұрғын үйінің қасбеттік жарықтандыруын жасап берген.
Айта кетейік, Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы 2018 жылдан бері «Жомарт Жүрек» сыйлығын ұйымдастырып келеді.