Бүгін, 29 желтоқсанда өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұловтың айтуынша, өткен 9 айда 6 415 193 қызмет көрсетілген. Оның ішінде 6 220 734 қызмет электронды форматта, 116 627 қызмет тікелей мемлекеттік органдармен, 77 832 қызмет халыққа қызмет көрсету орталықтарымен көрсетілген.
Департамент басшысы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша бірқатар ұсыныс берді.
Биыл облыста 134,8 миллион теңге жалақы берешегі анықталып, 485 қызметкердің конституциялық құқығы қорғалған. 23 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 6,3 млн теңге айыппұл салынған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Қайрат Бәйгебаевтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің басым бағыттары – олигополия, жол және инфрақұрылым, медицина, экология, жер мен заңсыз құрылыс.
– Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықсыз қоғам қалыптастыру және нақты құқықтық мемлекет құру мақсатында қабылданған шараларды іске асырудың маңыздылығын айта отырып, уәкілетті органдардың алдына бірқатар міндеттер қойды. Ол үшін мемлекеттік қызмет көрсететін мамандардың біліктілігін ұдайы жетілдіріп отыру қажет, – деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.
Отырыс нәтижесінде көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріліп, комиссияның 2023 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.