Жаңа оқу жылында Маңғыстау облысы бойынша 19 820 оқушы бірінші сынып табылдырығын аттайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Биыл облыста 188 мектеп 20 мыңға жуық баланы 1 сыныпқа қабылдайды. Маңғыстау облыстық білім басқармасының мәліметінше, 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау 1 сәуір мен 1 тамыз аралығында жүргізілген. Осы уақыт аралығында облыс тұрғындарынан 20 мыңның шамасында өтініш түсті. Оның ішінде, 19820 оқушы бірінші сыныпқа қабылданатыны нақтыланып отыр. Сонымен бірге, 17439 мың оқушы мемлекеттік мектепте білім алатын болады.
Облыс бойынша Бейнеу ауданында 1 940 оқушы бірінші сыныпқа барса, Қарақия бойынша бұл көрсеткіш 920 баланы құрап отыр. Ал Маңғыстау ауданында бірінші сыныпқа баратын оқушылар саны - 1088. Мұнайлы ауданында 3892 оқушы, Түпқараған бойынша 993 бала бірінші сыныпқа бармақ. Бұл көрсеткіш бойынша Ақтау қаласында 7 100, ал Жаңаөзен қаласында 3870 бала алғаш рет әріп танымақ.
Бұдан бөлек, 1 қыркүйекке дейін басқа өңірден көшіп келгендер, денсаулығына байланысты кешіккен ата-аналар қосымша қамтумен құжат тапсырған жағдайда бұл көрсеткіш тағы да артуы мүмкін.