Өңірге биыл қаңтар-қараша айларында негізгі капиталға 976,1 млрд теңге инвестиция тартылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық Коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Нақты көлем индексі бойынша 144,0% құрады. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 923,2 млрд теңге. Ал, 2022 жылғы қаңтар-қараша айларында негізгі капиталға 634,2 млрд теңге тартылған.
Жоспарға қатысты есепті кезеңде (760,7 млрд.теңге) нысаналы индикатордың орындалуы – 128,3% көрсетті, яғни асыра орындау 28,3% құрады. Сонымен қатар, НКИ нысаналы индикаторының бекітілген декомпозициясына сәйкес жылдық жоспардың (897,9 млрд.теңге) орындалуы 108,7 % - құрады.
Осы көрсеткішке сәйкес, өсу қарқынына қарай Маңғыстау бастапқы орындарда тұр. Республика бойынша да өңірлер арасында бірінші орында тұр.
Сондай-ақ, Ұлттық Банктің деректері бойынша 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Маңғыстау облысына 438,6 млн АҚШ доллары тікелей шетелдік инвестициялар тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 32,8 %-ға артық болып есептеледі.
Атап өтейік, биыл өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы құны 9 млрд теңгені құрайтын 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын құрумен 8 инвестициялық жоба іске асырылды. Олардың ішінде – ет комбинаты, металл прокат, арнайы жабдықтар мен техника, темірбетон, полиэтилен, антифриз өндірістері бар. Сондай-ақ, жылдың соңына дейін 70 жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 7 млрд теңгеден астам 2 жобаны іске асыру жоспарлануда.