Бейнеу аудандық сотында ӘҚБтК-нің 676-бабы бойынша Н есімді азаматқа қатысты әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келінінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша уақытша тіркеуге тұруға қажетті құжаттарын дайындағаны үшін әйел Бейнеу аудандық ІІБ көші-қон қызметі инспекторының есеп шотына 5 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы аударған. Инспектордың есебі Kaspi қосымшасында оның атына тіркелген. Осылайша, Н есімді тұрғын қылмыстық әрекеттің белгілері жоқ құқық бұзушылық жасаған.
«Сот қаулысымен Н., ӘҚБтК-нің 676-бабымен кінәлі деп танылып, 483 000 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Соттың шешімі заңды күшіне енді», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.