Ақтаулық тұрғын Тимур Нурмагамбетов - суықта спортпен шұғылданып, теңізге шомылған бейнежазбасын әлеуметтік желілерге жариялады. Видео бірнеше күнде 200 мыңға жуық қаралым жинаған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Тимур Нұрмағанбетов - 43 жаста. Ол 37 жылдан бері спортпен шұғылданады. Сырт киімсіз, теңіз жағалауында жүгіріп, сергек қимылдайды.
- 5 жылдан бері осылай шынығамын. Өмірде жетістікке жету үшін жаңа дүниемен айналысудан қорықпау керек. Денсаулықты нығайтқан абзал. Ақтауда қыста теңізге түсу дамыған ғой. Ал спортпен 6 жасымнан бастап шұғылданамын. Ең бірінші спорттық гимнастикадан бастап, күрес, бокс және т.б. түрлерімен айналыстым. Қазір 4 баланың әкесімін. Балаларым да спортқа өте жақын. Бір қызым жүзуден Қазақстан чемпионы,- дейді Тимур Нурмагамбетов.
Дәрігерлер аязда спортпен шұғылданған адамдардың дені сау, мықты болатынын және ұзақ өмір сүретінін айтады. Алайда бұл үлкен дайындықты қажет етеді.
Спорт басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта Маңғыстау облысында 306 мыңға жуық тұрғын спортпен шұғылданады.