Отан қорғаушылар күніне және Ұлы жеңістің 78 жылдығына орай ІІМ-де өздерінің мінсіз қызыметімен, жанқиярлығымен және ерлігімен көзге түскен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерімен полиция қызметкерлері марапатталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шара барысында ведомство басшысы Марат Ахметжанов жиналған қонақтарға ізгі тілегін білдіріп, мінсіз қызметі үшін қызметкерлерге алғыс айтты.
– Бабаларымыздан аманат болып қалған жеріміз бен халқымызды қорғау – біздің басты парызымыз. Бүгінде осы аманатты арқалаған ішкі істер органдарының қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері антқа адал болып, аянбай еңбек етіп келеді. Сіздердің еңбектеріңізге Мемлекет басшысы жоғары баға берді. Бүгінгі марапаттарды халықтың берген бағасы деп біліңіздер. Алдағы уақытта да сіздерді ел сенімін ақтайды деген үміттемін! Жұртымыз тыныш, туған жеріміз аман болсын! – деді министр өз құттықтауында.
Шара барысында өздерінің мінсіз қызметтері үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының Ақтау қаласында орналасқан 6656 және 3502 әскери бөлімдерінің қызметкерлері старшина Алтынбек Үсенов пен ефрейтор Ерлан Ақберген «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.