Ақтау әкімдігінде қала әкімі Ұлықбек Тналиевтің қатысуымен көппәтерлі тұрғын үйлердегі лифттерге қызмет көрсететін мекемелердің басшыларымен жиын өтті. Отырыста тұрғындардың лифт қызметіне төлем жасау, күтіп ұстау мәселесі талқыланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтау қаласындағы көпқабатты үйдерде жалпы саны 1382 лифт бар. Оның 1084-і көппәтерлі тұрғын үйде орналасқан. Қала бойынша тұрғын үйлердегі лифттерге арнайы қызмет көрсететін 12 мекемелері бар. Қала әкімі аталған мекемелерге тұрғындарға лифт қызметіне уақытылы төлем жасау, ортақ мүлікті күтіп ұстау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
«Лифтке қызмет көрсететін қай мекеме сапалы қызмет көрсетсе, тұрғындар соны таңдайды. Тұрғын үйге қатысты әрбір сұрақ туындағанда, ПИК пен МИБ-тің жұмысының ашықтығы мәселесі қозғалады. Қалалық тұрғын үй инспекциясында пәтер иелері кооперативі (ПИК) мен мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) жұмысын тексеретін тексеру парағы бар. Сол жерде әрбір критерий бойынша ПИК пен МИБ-тің тиісті құжаттары болуы қажет. Сондай-ақ, тұрғындар «Қайтарымды қаражат» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 0,1% жылдық мөлшермемен 7 жылға дейін несие алып, тұрғын үйдің жалпыға ортақ мүліктеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе алады. Тек қана лифтті емес, тұрғын үйдегі баспалдақты, шатырын, қасбетін, балконын, жертөледегі желілеріне күрделі жөндеуден өткізе алады. Бірақ ол үшін сол үйде тұрып жатқан барлық тұрғындардың келісімі қажет. Сондықтан тұрғындарға әрбір мәселені егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Лифттерге қызмет көрсететін мекеме басшылары тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекемелермен және тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс жасап отыруларыңыз қажет. Сіздер де өз тарапыңыздан тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырыңыздар», - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.
Қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлердегі 1084 лифттердің 278-і қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің теңгерімінде тұр.
Лифтке қызмет көрсететін компания басшыларының айтуынша, төменгі қабаттағы тұрғындар лифтке төлем жасаудан бас тартса, жоғарғы қабаттағы төрт пәтердің үшеуі немесе біреуі ғана төлем жасайды. Бұл лифтті күтіп ұстау жұмыстарын толықтай жүргізуге өз кедергісін келтіреді. «Қамқор қауымдастығы» заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер бірлестігінің төрағасы Тілеп Баймағамбетов тұрғын үйдің ортақ мүлкін күтіп ұстау үшін жасалатын төлемді барлық тұрғындар міндетті төлеу керектігін айтты.
- Лифт сатып алып қондыра салатын зат емес. Лифт тұрғындардың қауіпсіздігін де қамтамасыз ету керек. Оны күтіп ұстайтын арнайы мамандардың болғаны жөн. Ал төлем мәселесіне келетін болсақ, ортақ мүлік бұл сол үйде тұрып жатқан барлық тұрғындарға тиесілі. Сондықтан оны күтіп ұстау үшін жасалатын төлемді барлық тұрғындар төлеу міндет, - деді Тілеп Баймағамбетов.