Маңғыстау облысында «Мектепке жол. Тазалыққа нық қадам» атты челлендж басталды. Аталған акцияға Ақтаудағы білім беру ұйымдары қатысып, 300 тонна қоқыс шығарды. Ақтау қалалық білім бөлімі челленджді Жаңаөзен қаласы бойынша білім бөліміне жолдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Челендждің мақсаты - жаңа 2024-2025 оқу жылына мектептің дайындығын, ағымдағы жөндеу және тазалық жұмыстарын жандандыру. Акцияға Ақтау қаласындағы мектептер, мектепке дейінгі ұйымдар, қосымша білім беру мекемелерінің қызметкерлері, оқушылары мен ұстаздары белсене атсалысып, білім ошақтарының ауласын тазалап, көгалдандыруға өз үлестерін қосуда. Челлендж аясында Ақтау қаласындағы 181 білім беру ұйымдарының екі мыңға жуық қызметкері қамтылып, 300 тоннадай қоқыс пен ағаш қалдықтары шығарылды.
-Қоршаған ортаны қорғау, сақтау, табиғатты аялау - әрбір саналы адамның азаматтық борышы, міндеті. Бүгінгі таңда тазалық жұмыстары қызу қарқынмен жүргізіліп жатыр. Шара алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Ақтау қаласы бойынша білім бөлімі «Мектепке жол. Тазалыққа нық қадам» челленджін Жаңаөзен қаласы бойынша білім бөліміне жолдайды, - деді Ақтау қалалық білім бөлімінің мамандары.