Түркия Президенті әкімшілігінің қолдауымен, Эмине Ердоған ханымның бастамасымен және жетекшілігімен биылғы 21-27 мамыр аралығында бүкіл әлемде Түрік ас үйінің апталығы өтіп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ондағы мақсат – түрік тағамдарын насихаттау және ғасырлар бойы қалыптасқан рецепттерді жаңа ұрпаққа жеткізу. Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулдығы облыс орталығындағы «Нұр Плаза» қонақ үйінде ұйымдастырған бұл шара «Ежелгі және тұрақты Түрік ас үйі: Хатай өңірінің ас мәзірі» деп аталды. Ал өткен жылғы апталықта Осман империясы сұлтандарының ас мәзірі қамтылған болатын.
Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Сабри Альптекин 600-ден астам тағамдары мен тәттілері бар гастрономиялық қала саналатын Хатай 2017 жылы ЮНЕСКО-ның «Жаңа шығармашылық қалалары» тізіміне қосылғанын атап өтті.
-Хатай қаласы—Түркиядағы ең көне елді мекендердің бірі,-деді ол.-Зерттеушілердің мәліметтерінде өңірдің қоныстану тарихы б.з.б. жүздеген мың жылдарға созылғаны айтылады. Хатай Хеттерден Урартулар мен Парсы империясы, Рим империясы мен Византияға, Омейядтар мен Аббасидтер халифатына, Осман империясына дейінгі адамзат тарихының барлық кезеңінде ежелгі тайпалардың, семиттік және түрлі діндердің өркениеттер бесігі бола отырып, соңында Түркия Республикасына ұласқан болатын. Ұлы жібек жолы мен дәмдеуіштер саудасының ең маңызды бағыттарының бірі болған Хатай—мәдени қорлары мен ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келген, құнарлы жері, өте бай гастрономияның дүниеге келуіне себепкер болған елді мекен. Хатай өңірінің тағамдары, адамдардың күнделікті тамақтану қажеттіліктерін қанағаттандыруымен қатар өнер мен мәдениеттің орталығына айналды. Осыған байланысты, Хатай өңірінің ас үйі еліміздің туризм саласында, аймақтық және әлемдік деңгейде беделге ие болып отыр. Хатай жай ғана елдімекен емес, бұл мәдени түрлі түсті мозаикалардан, өркениет тарихының көріністерімен қатар жаны тірі қала ретінде саналады. Әлемдік деңгейде халық санының көбеюі мен қазіргі әлем алдында пайда болған экологиялық мәселелер алдында, қалдықсыз, тұрақты және дұрыс тамақтану дағдыларын меңгеруді дәріптеу, дәстүрлі түрік ас үйінің басымдылығына айналып отыр. Осы тұрғыда қоғамдық орындарда, үйдегі дастархан басында қалдықтар мен қалдықтардың пайда болуының алдын алу шаралары ынталандырылып, табиғаттың тұрақты жүйелі түрде жаңаруына мүмкіндік беруге жағдай жасалады. Биылғы 6 ақпанда елімізде болған жойқын жер сілкінісі болғанын білесіздер. Сол апат салдарынан ең көп қираған аймақ—осы Хатай қаласы. Соған орай, жер сілкінісінен қаза тапқан азаматтарымызды құрметпен еске ала отырып, олардың рухтарына тағы да рақым тілейміз.
Еліміз Хатай қаласын аяғынан тік тұрғызу үшін аянбай, бар күшін салып жатыр. Жақын болашақта қала бұрынғы келбетіне қайта оралады деп сенеміз, мәдениет пен өркениетке, гастрономияға толы бұл қала, тағы да келушілердің ағынына толатынына нық сенімдіміз.
Ақтау қаласы – тарихи Ұлы жібек жолы бойындағы әсем қала, оның ішінде мәдениеттер, тілдер, түрлі наным-сенімдер тоғысқан, тату өмір сүріп жатқан киелі Маңғыстау өңірінде бүгінгі осы іс-шарамыз өткізіп отырмыз. Хатай мен Ақтау сияқты өркениетті қалалардың мәдени құндылықтары мен байлығын сақтай отырып, осы дүниелерді келешек ұрпаққа жеткізу—ең үлкен мақсатымыз. Сондай-ақ Хатай ас мәзіріндегі дәмді тағамдарды «Нұр Плаза» қонақ үйі, «Rixos» және «Grand Victory» қонақ үйлерінің және «Шаңырақ» мейрамханасының аспаздары дайындады.
Аспаздарымызға және «Нұр Плаза» қонақ үйіне қосқан үлестері үшін ризашылық білдіреміз.
Бас консулдың сөзінен кейін апталық ашылып, қонақтар Хатай халқының ас мәзіріндегі алуан түрлі дәмді тағамдардан ауыз тиіп, жақсы бағалады. Бұлардың арасында Лахмаджун табақшасы, хумус және толтырылған котлеттер, Хатай өңірінің кәуабы мен асқабақ тәттісі, кунефе мен баклава тәттілері, баклажан кәуабы бізге таңсық тағамдар бар.
Валентина Қозыбақова