Өңірдегі қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінде «Қарттарым - қазынам» акциясы өтті. Акция «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ұйымдастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
"Бұл шараны өткізу көптен көкейде жүрген. Былтыр маникюр мастер мен барбер шоп мамандарының қолдауымен қарттарымыздың тырнақтарын сәндеп, шаштарын алдырғанбыз. Сол сәтте қарттарымызбен сөйлескенде тойдың палауын сағынғанын айтқан еді. Міне, бүгін сәті түсіп, қазыналы қарттарымызға палау мен люля кебаб пісіріп, жеміс-жидектер мен тәттілер ұсынып отырмыз", -дейді «Жастар Рухы» жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Абзал Марат.
Игі шараға демеушілік көрсеткен кәсіпкердің бірі – «КаспийПрофСнаб» ЖШС директоры Римма Муханова. Оның айтуынша, қарттарға құрмет көрсетіп, сыйластық таныту - әрбір жанның міндеті. Осы ретте ұйымдастырылып отырған шара көпке үлгі болатынын тілге тиек етті.
Шарада «AMANAT» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мұханбет Жайлыбаев, облыстық мәслихат депутаты Пания Сармурзина ізгі тілектерін айтты. Өз кезегінде қарттар мерекелік дастарқан жайған жандарға алғыс айтып, батасын берді.