Қазақстандық футболдың 110 жылдығына орай Қазақстаның футбол Федерациясы еліміздің 8 қаласында «Футбол жолы» ауқымды спорттық мерекесін ұйымдастырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Фестиваль аясында футбол фристайлынан шеберлік сыныптары мен футболдан әуесқой турнир өтті. Фестивальға қатысуға арнайы сайт арқылы командалар алдын ала өтінім берген. 16 жастан асқан ақтаулықтар қаланың ең үздік әуесқой командасы атану үшін 3x3 форматында футбол ойнап, өзара жарысты.
Сонымен қатар фестиваль қонақтарына арнап алаңда Қазақстанның футболдан басты трофейлері — чемпиондық тондо, кубок және суперкубок орналасты және «Каспий» ФК-ның жұлдызды ойыншылары жанкүйерлеріне автограф берді. Ал кешқұрым қала қонақтарына арналған музыкалық концерт өтті.
Іс-шараға қатысқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев футбол жастар арасында ең танымал спорт екенін атап өтіп, оны насихаттау маңызына тоқталды.
- Құрметті маңғыстаулықтар, барша қала қонақтары, сіздерді футбол мерекесі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан футболына биыл 110 жыл толды. Осы уақытқа дейін өңірде футболдың дамуына жан-жақты жағдай жасалып келеді. Өскелең ұрпақ спортты серік еткен тұлғалардан әрдайым үлгі алады, үлгі болар тұлғалардың қатарында Маңғыстау облысының футбол спортының түлегі, қазіргі таңда ресейлік «Зенит» футбол клубының құрамындағы Нұралы Әліпті, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Дінмұхамбет Сүлейменовты, Ұлттық құрама сапындағы маңғыстаулық Талғат Кусяповты ерекше атап өту керек,- деді Ұлықбек Тналиев.
Ал Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов елде футбол дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.
- Футбол мерекесі құтты болсын! Ұлттық құраманың жетістіктері нәтижесінде отандық футболға көзқарасымыз өзгеріп келеді. Футбол спортының дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтарға алғыс айтамын. Жеңістен жеңіске жете берейік, бірге болайық,- дейді Әділет Бәрменқұлов.
Айта кетейік, фестиваль 13 тамыз - Атырауда, 19 тамыз - Оралда, 26 тамыз - Ақтөбеде, 2 қыркүйек - Көкшетауда,10 қыркүйек - Астанада, 16 қыркүйек - Семей қаласында жалғасады.