Ақтауда «Қазақстанның Әйелдері күштерінің Альянсы» орталығы ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Алғаш 2019 жылы құрылған Альянс мүшелері қоғамда балалар мен әйелдер құқығы мен мүдделерін қорғау, гендерлік теңсіздік мәселелерін зерделеп, әйелдер қауымының саясат пен экономика және қоғамдық қызметтегі үлесінің артуына септегін тигізеді.
- Жыл сайын біз түрлі іс-шаралар, қайырымдылық акцияларын өткіземіз. Мұнда жиналған нәзік жандылар қоғамда әйел адамдардың дамуына ықпал еткісі келеді. Мәселен бір қатысушымыз арнайы спикерлерді шақырып, бизнес, саясат бағытында білім беретін өз мектебін ашты. Енді бірі кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретіп, табыс табу жолдарын жете меңгерту бағытында жаңа бастамаға дем берді. Мән – дәрігермін. Осы жоба аясында әйелдердің медициналық білімін жетілдіргім келеді. Мұндай орталықтың ашылуы бізге жаңа серпін береді деген ойдамын. Алдағы уақытта орталықта көптеген семинар, тренингтер ұйымдастырамыз,- деді Маңғыстау облысы «Әйелдер күші Альясы» өкілі Алтын Сақтағанова.
Сонымен қатар іс-шараға «Қазақстанның Әйелдері күштерінің Альянсы» басшысы Раушан Сарсенбаева онлайн қатысты. Ол мұндай ұйымның әйелдердің қарым-қабілетін шыңдауына ықпалдасып, қоғамның түрлі саласында өзін сынап көруіне, жетістікке жетуіне жол ашатындығын айтты.
- Біз – сүттей ұйып отырған берекелі отбасы бастауымыз. Біз ғұмырымызды жалғайтын ұрпақты тәрбиелейміз. Сондықтан біз республика бойынша әйелдер күштерінің Альянсын дамытуымыз керек. Әлемді жақсы жаққа өзгертіп, әрбір әйел бізге сене алатындай жағдай жасауымыз қажет,- деді Раушан Сарсенбаева.