Ақтауда 2023 жылдың соңына дейін тұрғын үй-коммуналдық қызметтерін бірыңғай төлем жүйесіне көшіру жоспарланып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа инновациялық жобаның артықшылықтары өңір басшысы Нұрлан Ноғаев пен төраға Бекнұр Бейсов бастаған «Каспий ӘКК» АҚ директорлар кеңесінің қатысуымен өткен отырыста талқыланды.
Ақтауда қала тұрғындарына коммуналдық қызметтерді төлеуді жеңілдету үшін бірыңғай төлем құжаты енгізіледі. 2023 жылдың соңына дейін қала тұрғындары электр қуаты, қоқыс шығару, интернет, домофон қызметтері, МИБ қызметтері және т.б. үшін бір түбіртек алмақ.
Жобаның операторы «Маңғыстау ЕРЦ» ЖШС, жобаны іске асыру мерзімі 6 айды құрайтын болады. Жаңа жоба аясында 41 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
Бірыңғай төлем жүйесіне көшудің артықшылығы, бұдан бұлай Ақтау тұрғындары бірнеше банк немесе қызмет көрсетуші ұйымдарға жүгінбей-ақ, барлық коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін бір түбіртек алатын болады.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бұл жобаны іске асыру қызмет көрсетуші компания мен тұрғындардың арасындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
- Бұл жоба Астанада өзінің тиімділігін дәлелдеді, онда дебиторлық берешекті 98% - ға қысқартуға мүмкіндік туды. Сонымен қатар, жоба қала тұрғындары үшін ашықтық пен сенімділікті қалыптастырады. Жаңа төлем жүйесі коммуналдық төлем жүйесіндегі жұмыстың өнімділігін арттырады, тұрғын үй-коммуналдық салада неғұрлым тиімді және инновациялық экономиканы дамытуға ықпал етеді, - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Қазіргі уақытта Ақтау қаласының өзінде 200-ден астам мекеме 13 бағыт бойынша тұрғын үй-коммуналдық қызметтер көрсетеді.