Ақтауда 21 наурыз күні теңіз жағасында Наурыз мерекесіне орай Абай атындағы мәдени-демалыс кешені өнерпаздарының мерекелік концерті өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шарада өнерпаздар ұлттық салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындарды театрландырылған қойылым арқылы көрсетті. Мерекелік концертте «Томирис» вокалды тобы «Той басталды Маңғыстауда» әнін, Гүлжанар Рафхатова және Еркежан Қасымова «Туған жер» әнін орындады. Халықтық ұжым «Айша қыз» би ансамблі «Каспийдің еркелері» биін биледі. Жасұлан Таласпаев, Шолпан Берікбаева «Келді, Наурыз» туындысын шырқады. Өнерпаздар шашу шашып, көрермендерге бауырсақтар ұсынды.
-Мерекелік концертке «Абай» мәдени-демалыс кешенінің шығармашылық ұжымдары мен жергілікті өнерпаздар қатысты. Негізгі мақсат - қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлау. Мереке құтты болсын!, - деді «Абай» мәдени-демалыс кешені басшысының орынбасары Маргарита Омарова.
Көрермендер мерекелік концерттен алған әсерімен бөлісті.
-Концерт жоғары деңгейде өтті. Бізге көтеріңкі күй сыйлаған өнерпаздарға рақмет. Баршаңызға Наурыз мерекесі құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - деді қала тұрғыны.