Ақтаудағы №21 мектепте облыс прокуратурасының ұйымдастыруымен "Тәртібің мен құқығың - тұлғалық қасиеттің айнасы" тақырыбында құқық қорғау саласы қызметкерлерімен кездесу өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кездесу аясында облыстық құқық қорғау және мемлекеттік органдар арасында өзара ынтымақтастық туралы үш жақты меморандум бекітілді.
"Меморандум мақсаты - кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау, мектептердегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың қатысуымен жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу",-деді облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева.
"Ендіден бастап әрбір мектепке аумақтық учаскелік полиция инспекторлары секілді прокурорлар бекітіледі. Алдағы уақытты прокурорлардан құқықтық тұрғыдан кәсіби кеңес алып, көмекке жүгіну мүмкіндігі қолжетімді. Аса ауыр қылмыстарға 14 жастан қылмыстық жауапкершілік бар екендігін жастар біле бермейді. Статистика деректеріне сүйенсек, биыл балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен тіркелген қылмыстар көрсеткіші 50 пайызға өсіп отыр. 100-ге жуық жол-көлік апаты балалар қатысуымен орын алған. Сондықтан көшеде, қоғамдық орындарда тиісті жүріс-тұрыс ережесін қатаң сақтауға ерекше мән берілуі тиіс. Балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен ең көп жасалатын қылмыстар легінде ұрлық, тонау, бұзақылық бар. Кәмелет жасқа толмаған балаларға қатысты жасалатын қылмыстар да прокуратурамен қатаң қадағаланады. Жастық шақта қия басып, қатеге ұрыну келешегіңізге кедергі келтіретінін ескерген жөн",- Маңғыстау облыстық прокуратурасының басқарма басшысы Мерген Меңдіғалиев.
"Есептік кезеңде кәмелетке толмағандардың қатысуымен 45, соның ішінде Ақтау қаласы бойынша 20 қылмыс орын алып отыр. Қылмыстардың 80 пайызы - ұрлық пен ұсақ-түйек жымқыру деректері. Кез келген құқықбұзушылық үшін мектепішілік есепке, тіптен ішкі істер органдарының есебіне ілігесіз, ал бұл мінездемеңізде көрініс табады. Сондықтан жауапкепшілікті жастайыңыздан ұғынғаныңыз жөн",-деді Маңғыстау облысы полиция департаментінің өкілі Алима Сатбергенова.