Әлеуметтік желілерде жеке кәсіпкер «Шәкенова» мен Ақтау қаласының «Білім-инновация лицейі» білім беру мекемесі арасындағы жанжал ушығып тұр. Келіспеушілік мектеп басшылығы оқушыларға тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсету туралы шартты ұзартудан бас тартқанынан басталған. Оған лицей әкімшілігінің “жеке кәсіпкер міндетін дұрыс орындамады” деген уәжі себеп болып отыр. Ал кәсіпкер мұнымен келіспейді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Білім-инновация лицейі» – дарынды балаларға арналған мектеп-интернат. Мұнда тек ақтаулықтар емес, аудандар мен басқа облыстардан 376 оқушы білім алады. Балалар оқу жылында, тіпті демалыс күндері олимпиадаларға дайындалады, сондықтан күніне бес рет тамақтанады. Яғни балалар екі рет таңғы ас, түскі ас және екі мәрте кешкі ас ішеді.
Білім беру нысанына ыстық тамақты ұйымдастыру үшін жылына 100-120 млн теңге бөлінеді. Бұл ретте қаражаттың 80%-ы бюджет есебінен бөлінсе, 20%-ын ата-аналары төлейді. Қаражат түсетін екі шотты МО Білім басқармасы мен Қаржы министрлігінің қазынашылық комитеті бақылайды.
2023 жылдың қаңтар айында ЖК «Шәкенова» лицей оқушыларына ыстық тамақты ұйымдастыру бойынша қызмет көрсету конкурсын жеңіп алған.
Лицей директоры Дәурен Қалиевтің айтуынша, ата-аналар мен оқушылар ыстық тағамның сапасына шағымданған. Яғни тамақ аз көлемде берілген, көкөністер мен ет дұрыс піспеген, тамақ ішінен шаш, жәндік, металл, қағаз секілді заттар табылған. Балалар уланған жағдайлар да болған.
- Ата-аналардан асхана қызметіне қатысты 150-ге жуық шағым түсті. «Білім-инновация лицейі» оқушылардың ата-аналарымен өте тығыз жұмыс істейді, сондықтан олар өздерінің сынын, шағымын тікелей мектеп әкімшілігіне жеткізеді. Мен барлық шағымды жеке кәсіпкердің заңды өкілі Жандарбек Бәйімбетовке ескерттім, бірақ ешқандай шара қолданылмады. 2023 жылдың 13 қазанында түскі ас кезінде оқушылардың бірі палау салынған ыдыстан қағаз тауып алды. Ол кезекші мұғалімді шақырып, фото мен видеоға түсірген. Сол сәтте асхана әкімшісіне көрсеткен. Құқықбұзушылық туралы акт жасалып, сол күні асхана өкілі Жандарбек Бәйімбетовке берілді. 16 қазанда бір бала іші ауырып медбикеге қаралған. Сол сәтте бірден жүрегі айни бастады. Медбике журналында 16 қазандағы жазбасы мен видеосы да бар. 17 қазанда оқушының анасы мектепке келіп, тамақтану сапасын жақсарту, асхананы тексеру туралы өтініш жазды. Сонымен қатар, баланың улану фактісі жұқпалы аурулар ауруханасында тіркелгенін хабарлады. 17 қазанда тағы бес оқушы асқазаны ауырғанына шағымданды, барлық фактілер жазылды. 18.10.2023 жылы порталға шағым жіберілді. Кәсіпкер бұл бейне ешкімге көрсетілмегенін, мен мұғалімдерді тамақтандыруға мәжбүрлегенім, ақша сұрағаным және олар мені сотқа бергісі келетінін жазған. Сондай-ақ шартта лицейдің мониторингтік тобы тарапынан тексеру туралы тармақ бар. Тексеруге барған мониторингтік топты кәсіпкер кіргізбеген. Олар алдын ала дайындалып, бәрін жаңартып, бір апта өткеннен кейін ғана тексеруге рұқсат берді. Осындай жағдайлардың негізінде келесі жылға келісім-шартты ұзартпаймыз деп шештік, - деді Ақтау қаласының «Білім-инновация лицейінің» директоры Дәурен Қалиев.
Ал кәсіпкер директордың сөзімен келіспейді. Шарт жасалған сәттен бастап лицей басшылығы тарапынан олардың қызмет көрсетуіне кедергі жасалғанын айтып отыр.
Жеке кәсіпкер Құндыз Шакенованың ресми өкілі Жандарбек Бәйімбетов балай деп жауап берді.
- 2023 жылдың қаңтар айында Құндыз Шакенова «Білім-Инновация» лицейінің оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету конкурсына қатысты. Нәтижесінде Бақыт Рзабеков конкурстың заңсыз жеңімпазы атанады. Сәйкесінше, Маңғыстау облысы бойынша аудит департаменті Бақыт Рзабековты жеңімпаз деп тану туралы заңсыз конкурстың нәтижесін жойды. Сондай-ақ өңірлік аудит департаменті кәсіпкер Құндыз Болатқызын конкурс жеңімпазы деп танып, лицей басшысы Даурен Қалиевқа Қ. Шакеновамен келісімшарт жасақтауға бұйрық берген. Бұдан бөлек, лицей басшысы жеңімпаз деп таныған жеке кәсіпкер Бақыт Рзабековтың конкурсқа ұсынған құжаттары да “жасанды” болып шыққан. Маңғыстау облыстық әкімшілік сотының шешіміне сай, аталған дерек қылмыстық әрекет ретінде тіркелді. Осы ретте лицей басшысы Дәурен Қалиев Бақыт Рзабековты жосықсыз кәсіпкерлер қатарына қосуы керек еді. Алайда, ол мұны орындамады. Келісімшарт жасақталған күннен бастап, жеке кәсіпкер Құндыз Шакенова 2023 жылдың наурыз айында жұмысын бастады. Лицей басшысы Даурен Қалиевтің ұсынған сыбайлас жемқорлық іс-әрекетіне келіспеген Құндыз Шакенова заңды мүддесіне қысым көре бастайды. Өз құқығын қорғау мақсатында кәсіпкер асханаға 14 бейнебақылау камерасын орнатады. Орнатылған камераның көмегімен Даурен Қалиевтің жасаған барлық айласы әшкереленіп отырды. 2024 және 2025 жылдарға келісімшартты ұзартпау мақсатында Даурен Қалиев 13 қазан күні “оқушының асынан қағаз шықты” деп және араға 3 күн салып 16 қазан күні бір оқушы іші ауырып, құсты деп жалған, мәлімдеме жасайды. Алайда Шакенованың арызы бойынша Ақтау қаласының прокуратурасы лицей басшысы Даурен Қалиевтің жасақтаған жалған актілерін дәлелсіз және заңсыз деп табады. Лицей басшысының көрсетіп келген қысымына қарамастан Құндыз Шакенова оқушылардан бөлек наурыз, сәуір, мамыр айларында 40 мұғалімді, 16 тәрбиеші және 4 күзетшіні өзінің шотынан тегін аспен қамтиды. №37 және №55 келісімшарттар негізінде жеке кәсіпкер Құндыз Болатқызы өз міндеттемелерін толық жоғары деңгейде және заң бұзушылықсыз орындайды. Лицей басшысымен сыбайластыққа бармауының нәтижесінде мемлекетке 7 ай ішінде 20 млн-ға жуық теңге үнемдеп, 31 желтоқсан күні жұмысын сәтті аяқтады. Бұған дәлел - мемлекеттік сатып алу порталындағы келісімшарттың орындалуы туралы құжат. Қазіргі таңда лицей басшысы Даурен Қалиевтың үстінен келісімшарт негіздерін сақтамағаны үшін 11 және 2 тармағын басшылыққа алып, сондай-ақ лауазымын өз мүддесі үшін асыра сілтеп пайдаланғаны үшін ҚР заңнамасына сәйкес арыз-шағым түсірілді. Кәсіпкердің адал еңбегі мен құқығын қорғау мақсатында тиісті барлық дәлел, арыз құжаттар сотқа жолданды, - деді Жандарбек Бәйімбетов.
Лицей басшылығы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары туралы айыптауларға былай деп жауап берді.
- Асханада тек балалар тамақтанады. Мұғалімдер кафеден тамаққа тапсырыс беріп немесе өзімен бірге алып келіп, өз қаражатына тамақтанады. Наурыздың басында күн сайын екі үлкен бөшке қоқыс жинауға көлік келетін. Осыны көрген мен кәсіпкер Бәйімбетовтен ассистент ұстаздарымыз – лицей түлектеріне қалған азық-түлікті беруге бола ма деп сұрадым. Бұл 16 сыныпқа 16 адам, сонымен қатар вахталық жүйе бойынша жұмыс істейтін, басқа қалалардан келген 16 сынып жетекшілері бар. Кәсіпкер бұл оларға қиындық тудырмайтынын, тамақты қоқысқа тастамай, студенттерді тамақтандыруға болатынын айтты. Осыдан кейін мен бұл жайтқа араласпай қалдым, мен ешқашан асханада өзім тамақтанбадым, ол кезде төлем туралы сөз болған жоқ. Осыдан кейін кәсіпкер немесе аспаздар біздің қызметкерлермен ай сайынғы төлемді келісіп алғаны белгілі болды. Алайда түскі ас беру үш аптаның ішінде тоқтатылды, өйткені мұғалімдер мен көмекшілер тағамның сапасына риза емес. Ал бопсалауға келетін болсақ, мен өмірімде ешқашан пара сұраған да, алған да емеспін», - деді Дәурен Қалиев.
Маңғыстау облысының білім басқармасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы N 598 бұйрығының 188-тармағында «ҚР мемлекеттік ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» орта білім беру, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік ұйымдарда тәрбиеленетін және оқитын балаларды тамақтандыруға байланысты тауарларды сатып алу; орта білімнен кейінгі білім беру» бөлімінде келісімшарт тиісті қаржы жылына арналған міндеттемелер бойынша бекітілген жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес бөлінген қаражат шегінде жасалатыны және өнім беруші тарапынан бұзушылықтар болмаған жағдайда тікелей жасау арқылы келесі жылға екі рет келісімшарт жасалып ұзартылады. Шарттық міндеттемелерді орындау процесінде туындайтын барлық даулар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес шешіледі (191-бап).
2023 жылдың 31 желтоқсанында келісімшарт мерзімі аяқталып, кәсіпкерге алдағы екі жылға келісімшартты ұзарту болмайтыны туралы хабарланған. 4 қаңтарда асхананы босатқан. Қазір екі тарап та сотқа шағым түсіріп жатыр.
Ал Маңғыстау облысының білім басқармасы «Білім-инновация лицейіне» аспаздар, асхана жұмысшылары және қойма меңгерушісі штаты бекітілгенін, оның жұмысын мұғалімдер мен ата-аналардан құралған мониторингтік топ қадағалайтынын хабарлады.
Айтпақшы, Маңғыстау облысының прокуратурасы кәсіпкердің лицей оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етудегі қызметіне тексеріс бастады. Нәтижесі келесі аптада белгілі болады.