Ақтау қаласында осы уақытқа дейін тірек-қимыл аппаратында ақауы бар бала жастан мүгедек арбасын пайдаланатын және жеке көмекші қызметіне жүгінетін, көру қабілеті нашар мүгедектерге арналған 4 инватакси көлігі бар еді. Солардың қатары тағы бір жаңа инватакси көлігімен толықты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
-Инватакси қызметі бізде 2008 жылдан бастап жұмыс істейді. Осы жылдың 1 қарашасына дейін 93 адамнан өтінім түсіп, 3159 тапсырыс орындалды. Оның ішінде балалар саны - 38. Бүгінде қаламыздағы инватаксидің үшеуі - тірек-қимыл аппаратында ақауы бар мүгедектерге, ал екеуі - көру қабілеті төмен және жеке көмекші қызметін пайдаланатын мүгедектерге арналған, - деді Ақтау қалалық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Жанар Умбеткалиева.
Ақтаулық тұрғын Бауыржан Тәжіғұлов инватакси қызметін бұрыннан қолданады. Мүмкіндігі шектеулі болса да, өзін жұмыстан шектемеген. Бауыржан бірнеше жылдан бері массажист болып жұмыс істейді. Жұмысқа бару үшін ол инватакси қызметін қолданады.
-Мен 2014 жылдан бері инватакси қызметін қолданамын. Үйден алып кетеді. Баратын жағыма жеткізеді. Осы кезге дейін тек жұмысқа емес, емхана, аэропорт, вокзалға да апарды. Инватаксиді қолданатын менің таныстарым да бар. Қай жаққа апарса да қызметті тегін көрсетеді. Мен ризамын, рақмет айтам,-деді инватаксиді қолданушы Бауыржан Тәжіғұлов.
Айта кетейік, инватакси қызметін қолдану - тегін. Өтінім беру үшін диспетчерге жоспарланған сапардан 1 күн бұрын телефон соғу қажет.