Ақтауда «100 үздік бесінші сынып оқушылары» зияткерлік олимпиадасы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммункация орталығына сілтеме жасап.
Аталған олимпиада Ақтау бойынша 5-сыныпта оқитын үздіктерді анықтаумен қатар орта буын оқушылардың әлеуетті мүмкіндіктері мен оқу үлгерімінің тәуелсіз рейтингін жасақтауды көздейді.
Ұйымдастырушылар орта буын оқушыларға жалпы білім беретін мектептердің тәуелсіз рейтингін қалыптастыру үшін өткізілген додаға 20 мектептен 1500 бала қатысқандығын мәлімдеді.
-Оқушылар бес пән-математика, логика, оқу сауаттылығы, ағылшын және жаратылыстану бойынша тест тапсырды. Олимпиада екі кезеңнен тұрды, бірінші кезеңде 1500 бала бақ сынап, соның 400-і ғана екінші кезеңге өтті. Межелі мақсатқа 100 үздік оқушы мүдірмей жетті, - дейді ұйымдастырушы «SMG Education» оқу орталығының басшысы Дамир Баянов.
Олимпиаданы ұйымдастыру барысында оқу мамандары республика бойынша төмен көрсеткішке ие өңірлердегі өзекті мәселелердің себептерін анықтауды көздеген. Сонымен қатар, оқу көрсеткіштері мен оқушылар әлеуетін одан әрі дамыту үшін тиімді шешімдерді қалыптастыру мақсаты қойылды.
Жүзден жүйік деп танылған оқу озаты Ілияс Рашидов - 300 ұпайдың 257-ісін жинаған. Айтуынша бұл жарыс оның оқуға деген ықыласын арттырып, ынталандыра түскен.