Ақтау қаласы әкімдігіне қарасты «Жанұя» отбасын қолдау орталығының аз қамтылған, көп балалы, толық емес және мүгедектігі бар балаларды бағып отырған аналарға арналған мемлекеттік әлеуметтік жоба аясында тігін, аспаздық, бет әрлеу және шаштараз бағыттары бойынша шеберлік дәрісі өтіп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
100 ананы қамтып отырған жоба барысында шеберлік сағатымен бірге, келіншектер заңгер, психолог мамандардың кеңесін алып, сондай-ақ, мәдени шараларға қатысады. Шаштараз курсы бойынша шаш қию, шаштың күтімі және шаштың сән үлгілерін үйренсе, бәт әрлеу бағыты бойынша бет күтімі, күнделікті және кешкілік макияж жасауды үйреніп жатыр.
Аналардың ең көп қызығушылық танытқан бағыты тігін бойынша шеберлік сыныбы болды. Шебердің қолынан пішу, тігін тігу және киім қысқарту, тігін машинасын қолдануды игеруде. Аспаздық бойынша аналар дәрісте маркетинг, яғни үйден дайындаған тағам түрлерін әлеуметтік желілер арқылы жарнамалау және аспаздықтың қыр-сыры туралы жалпы мәліметтер алды. Сонымен қатар 30-дай жоба қатысушысы қасиетті орындарға зиярат жасап, Бекет ата, Шопан ата қауымына барып қайтты.
Жобаны жүзеге асырушы «Бала жолы» қоғамдық қоры екенін де айта кеткен жөн. Бұл іс-шаралар қараша айының соңына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында аналар өз кәсібін бастауға негіз болатын мамандықтарға машықтанып, өз қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік алады. Салауатты өмір салтын қалыптастыру және әйелдердің өз-өзіне уақыт арнау, күтімге бейімдеу мақсатында шеберлік курстарынан кейін массаж, иога, хореографиядан да жаттығулар өтпек.