Ақтауда 15 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Үздік аула, үздік аула сыпырушы, үздік мекеме(бизнес аумағы)» атауына арналған байқау өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқау мекемелердің аумақтарын күтіп-ұстауды, абаттандыруды және көгалдандыруды жақсарту бойынша бастамаларын дамытуға бағытталған.
-Байқау үш бағыт бойынша өтеді. Атап айтқанда, көпқабатты үйлердің аулалары арасында «Үздік аула», Ақтау қаласының аумағында орналасқан мекемелер(ұйымдар, кәсіпорындар) арасында «Үздік мекеме» анықталады. Ал «Үздік аула сыпырушы» атауына көппәтерлі үйлерді басқаруды жүзеге асыратын және көппәтерлі үйлердің ортақ мүлкін күтіп-ұстау бойынша қызметтерді көрсететін мүлік иелері бірлестіктерінің, кәсіпорындар мен ұйымдардың аула сыпырушылары қатыса алады, - деді Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлмира Балғожаева.
Айта кетейік, байқауға Ақтау қаласының барлық тұрғындары мен мекемелер (ұйымдар, кәсіпорындар) басшылары қатысуға құқылы. Байқау жеңімпаздары 1,2,3 дәрежелі дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады.