Биыл облыстық «Маңғыстау» қоғамдық-саяси газеті мерейтойын атап өтуде. Құрылғанына 50 жыл толу аясында ұжым 50 шара өткізуді жоспарлап отыр. Соның бірі Қабиболла Сыдиықов атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылды.
“Маңғыстау газеті – терең тарих, құнды құжат» тақырыбына арналған басқосуға басылым қызметкерлері, ардагер журналистер мен студенттер қатысты. Ардагерлер тәжірибелерімен бөлісіп, болашақ қаламгерлерге ақыл-кеңестерін айтты.
Еске салайық, облыстық қоғамдық-саяси газет алғаш 1973 жылы 13 сәуірде шығып, кейін «Коммунистік жол» деген атпен белгілі болды.
– Газетімізде қызмет еткендердің бәрі елге танымал, сыйлы жандарға айналды. Олар мақала жазып қана қоймай, облыс өміріне араласып, азаматтық белсенділік танытты. Қазірдің өзінде ардагерлеріміз облысымыздың әлеуметтік маңызды істеріне атсалысып жүр. Оның үстіне бүгін журналистердің өткен буын өкілдерінің қалай өмір сүріп, қызмет еткенін көрсету үшін сол ардагерлермен студенттердің кездесуін ұйымдастырып отырмыз, – дейді облыстық «Маңғыстау» газетінің бас редакторы Ғалым Әріп.