"Тең қоғам" бейімдеу орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға құқықтық, психологиялық кеңес беріледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сондай-ақ орталықта жұмыспен қамту, кәсіби дағдыларын жетілдіру, оқу тренингтерін ұйымдастыру, ақпараттық сүйемелдеу, электронды үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызмет алуға жәрдемдесу сынды сан алуан бағыттағы көмек көрсетіледі.
"Біздің ұйым өз жұмысын 2018 жылы бастады. Биыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар орталығының мемлекеттік тапсыры аясында іске қосылған "Тең қоғам" орталығы үш жыл бойы мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетеді. Орталықта психолог пен заңгердің және әлеуметтік қызметкердің арнайы кабинеті жасақталған. Тірек-қимыл жүйесінде ақауы бар, өздігінен қимылдау мүмкіндігі шектелген азаматтардың үйіне барып қызмет көрсету де қарастырылған. Кабинеттер компьютерлермен жабдықталған. Бұдан бөлек осы орталықта мүгедектердің атсалысуымен әр алуан мерекелік, танымдық іс-шараларды ұйымдастыруды көздеп отырмыз",-дейді "Әсер" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлнәр Жақаева.
"Мүгедектігі бар адамдар осы орталық қызметкерлерінің көмегімен электронды цифрлық қолтаңба алудан бастап кез келген мемлекеттік қызметке өтініш беруге дейінгі әлеуметтік көмек алады. Бұрын жоба бір жыл көлемінде жүзеге асса, биыл үш жыл мерзімге ұзарттық",-дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жайсаңгүл Досполова.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН