Мangystaumedia.kz сайтының редакциясына облыс орталығының тұрғындары демалыс орындарын абаттандыру бойынша жұмыстардың жоқтығына шағымдарын жеткізді.
«Ынтымақ» алаңындағы әткеншектер әлі ретке келтірілген жоқ. Мысалы, «Киіз үй» әткеншегі жарамсыз жағдайда тұр. Темірден салынған безендірулері кетіп жатыр, алты орындықтың екеуі ғана жұмыс істеп тұр. Қыста мердігер анықталғанда әкімдік оны жөндеуге уәде берді. Жаз келді, бірақ қыстан бері әткеншек жөнделмеген», - дейді ақтаулықтар.
Естеріңізге сала кетейік, "Ынтымақ" алаңында шағын архитектуралық нысанды 2021 жылы Clover media Group компаниясы орнатқан болатын. Ақтау қаласын абаттандыру бойынша жобаның құны шамамен 5 миллион теңгені құрады. Тұрғындар пайдаланып отырған дүниелерді әлдекімдердің қиратып кетуі алғаш рет емес. Әткеншек алғаш рет орнатылғаннан кейін 10 күннен кейін жарамсыз кейіпке түсті.
Бұған дейін Ақтау қаласының әкімдігі "Қазіргі заманғы киіз үй" шағын архитектуралық нысанын жөндеу облыс орталығын абаттандырумен айналысатын мердігер компания анықталғаннан кейін жүргізілетінін хабарлаған болатын Қазіргі уақытта мердігер анықталғанымен, қала орталығындағы көрікті жерлерді жөндеу әзірге басталған жоқ.