Ақтауда биыл 11,3 шақырым жылу желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі Әбілқайыр Байпақов жауапты мердігер компанияларға жылу желілерін жаңарту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған магистральдық инженерлік желілер «МАЭК» ЖШС-не тиесілі. Магистральдық инженерлік желілерді ауыстыру жұмыстары Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы тапсырысымен жүзеге асып жатыр. Мердігер компания - «Алматыинжстрой» АҚ.
- Біз қазіргі таңда жылудың берілуін арттыру мақсатында құбырлардың диаметрін ұлғайту жұмыстарын жүргізудеміз. Мысалы, инженерлік желілер жаңартылатын аумақтардың бірінде диаметрі 530 мм болатын құбырды диаметрі 720 мм жаңа құбырға ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Жалпы қалада биыл 11,3 шақырым жылу желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жаңартылатын жылу желілерінің 50%-ы жерасты, 50%-ы жерүсті. Бұл жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, - деді «Алматыинжстрой» АҚ механикаландырылған жұмыстар филиалының директоры Сәкен Бердібаев.
Қала әкімі Әбілқайыр Байпақов жауаптыларға құбырларды жаңарту жұмыстары кезінде барлық қажетті материалдар Ақтау қаласына мерзімінен кешіктірілмей жеткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
- Тұрғындарды алаңдатып отырған мәселелердің бірі жылу мәселесі. Ауа райы қыркүйек айында құбылмалы болуы мүмкін. Жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жеделдету қажет. Құбырларды жаңарту жұмыстары кезінде барлық қажетті материалдар Ақтау қаласына мерзімінен кешіктірілмей жеткізілуін қамтамасыз етіңіздер. Жылу құбырларын жаңарту жұмыстары кезінде ескерілмеген ешқандай мәселе қалмасын. Барлық мәселені ескеріп, алдын ала жасауды тапсырамын. Себебі бұл жылыту маусымы басталған кезде жылу беру жұмыстарына кедергі келтірмеуі қажет. Біз жылыту маусымына дайын болуымыз керек. Сондай-ақ, қазылған жерлердің маңына қоршаулар қойып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіңіздер, - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.