Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов мектептер мен балабақшалар және кәсіпкерлік нысандарды аралап, тазалығын тексерді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімі жауаптылармен бірге №12, 13, 28, 16 мектеп, №46 балабақша, Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі, Х.Өзбекқалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжіне барды. Қала басшысы әлеуметтік нысан иелеріне тез арада нысанның маңында тазалық жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Ал кәсіпкерлерге қоқыстарды шығару үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаратын компаниямен келісім-шартқа отырып, кәсіпкерлік нысанның аумағын қоқыстан тазалау қажетін атап өтті.
"Кез келген нысанның өз ауласынан бастап автомобиль жолына дейінгі аумақтың тазалығы сол нысанның жауапкершілігінде. Арамшөптерін жұлып, тазалығын қамтамасыз ету қажет. Ал кәсіпкерлер өз нысанының аумағында тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізгені жөн. Кәсіп иелері қоқыс шығару үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаратын компаниямен келісім-шартқа отыруы қажет. Нысанның алдына арнайы қоқыс жәшігін орнатуы керек. Шағын аудан ішіндегі санитарлық тазалықты да қамтамасыз етіңіздер. Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарушы компанияның жұмысшылары контейнерлерден қоқысты алған уақытта контейнер маңындағы қоқыстарды жинап алып кетуі қажет. Жауапты бөлім басшылары осы мәселені қатаң қадағалаңыздар. Сонымен қатар, қоқыс контейнерінің қасына, тұрғын үйдің маңында немесе подъезде құрылыс қалдықтарын тастаған азаматтарға айыппұл салу керек", - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.