Ақтауда орналасқан ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 6656 әскери бөлімінде 200-ге жуық сарбаз салтанатты түрде ант қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Отан алдындағы борышын өтеуге келген сарбаздар БҚО, Атырау, Ақтөбе облысы мен Тараз қаласынан шақырылған. Сарбаз болып сап түзеп, Отан алдында серт беруге жиналған өрендерді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Бақыт Алазов, әскери бөлімнің ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы полковник Оңайбек Әділов және 6656 әскери бөлімінің басшылығы құттықтап, сарбаздарға ел тыныштығын күзету абыройлы іс екенін айтты.
«Әскер – тәуелсіздіктің тірегі. Өздеріңізге жүктелген міндетті жауапкершілікпен алып шығады деген сенімдемін. Елдің амандығы үшін қасқайып тұра алатын қазақ әскері деген атқа ие болып, айбынды армияның, әлеуеті мықты ел әскерінің абыройын асқақтатасыздар деген сенімдемін. Ұлттық ұлан әскерінің абыройы асқақтай берсін», - деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Бақыт Алазов.
Сарбаздар әскери ант қабылдаған соң, ата-аналар қоян-қолтық ұрысынан көрініс пен концерттік бағдарламаны тамашалады. Содан соң, жауынгерлердің ата-аналары әскери қызметтің барысымен, сарбаздардың тұрмыс жағдайымен танысуға мүмкіндік алды.